Көкшеден көтерілген көк қаршыға

25 декабря 2017 - Нугуманов Арсен

 Халқымыз "Шын жүйрік шабысынан танылады" бекерге айтпаған ғой. Бүгіндері белгілі қаламгер Төлеген Қажыбай 1963 жылы "Жол басы" деген тұңғыш кітапшасында, небәрі 21 жасында: 
Жастықтан тұрғаныңда ерен күш ап,
Асауын қиындықтың берем тұсап.
Қияға көз тігетін кезің ғой бұл
Самғайтын биігіме қыран құсап, - деп жазған екен.
Осы өлең жолдары Төлегеннің табиғатынан ақын болып жаратылғанын айғақтағандай. "Ақын орны - қаламның қанаты қандай биікке кетеріп шығарса - сол жерде. Ондай орын, әсіресе, биікте көп. Қырандай қулаштап, сермеп барып сол орынды aл. Өзгенің бәрі мансап та мансұқ!" - деген екен академик-жазушы Ғабит Мүсірепов жастарға арнаған бір сөзінде.
Бұл күндері әдебиетіміздің белді өкіліне айналған ел ағасы ұлы жазушының қағидасын берік ұстанып, қыранша самғап, сол биіктен орнын ойып алып отыр. Әдебиет әлемінің табалдырығын аттар-аттамас алғашқы қадамдарынан бастап-ақ Сәбит Мұқанов сияқты әдебиетіміздің алыбы сүйсінісін білдіріпті. Одан кейінгі өмірінің әр кезеңдерінде М. Әлімбаев, С. Мәуленов, С.Ақтаев, Ғ.Қайырбеков, К. Салықов сияқты қарымды қаламгерлер Төлегеннің жырларын жоғары бағалапты. "Төлеген Қажыбаев менің ұғымымша, орта деңгейдегі жақсы ақын емес, биік деңгейдегі ғажап ақын. Бұл пікірге мен күнде, бір сәтте туа қалатын бір өлеңін оқып таңырқай қалатын, жылт етер сезіммен келгем жоқ. Кейде он¬дай да қателікке ұрындыратын сезім болады. Ал мен Төлегеннің поэзиялық шығармаларын (әңгіме, повестері бір төбе) ара-тұра оқып жүріп сүйсінумен келдім бұл пікірге", - деген болатын қазақтың талантты ұлдарының бірі, жазушы Сәкен Жүнісов.
Мен Төлегенмен сонау 1968 жылы педагогикалық институттың соңғы курсында оқып жүргенімде танысқанмын.Шынын айту керек, Төлегенмен осынша жылдар бойы дос болып, ДОСТЫҚТЫ сақтап жүру оңай шаруа емес. Өйткені, оның деңгейіндегідей болмаса да, өзіңе де жетерлік мөлшерде деңгей-дәреже керектігі рас. Осынша жылдар бойы дос болып жүруіміздің негізі - бір- бірімізді ұғыса білгендіктен деп есептеймін. Өйткені, ұғыспасаң дос бола алмайсың. Ұғыспасаң бір-біріңді жақсы көрмейсін, бір-біріңмен тату болмайсың. Міне, осылай "Биік таудың басы болмасақ та, бауырындағы тасы болып" дегендей, дос болып араласып жүргенімізге де жарты ғасыр болып қалыпты.
Тірлігімде тілеулесжандар аз емес,
Оларсыз жаным, шілдең де жаз емес.
Дастарқан басы достарсыз тарын,
                                                     тым жүдеу.
Алып та болсаң оларсыз,
Сенің де күнің мәз емес, - деп Төлеген күнделікті күйбің тіршілікте достарсыз өмір сүрудің қиын екенін өзі де айтып отыр.
Сал-серілердің, батырлар мен аузы дуалы абыздардың елі саналатын - киелі Көкшетау топырағында Төлеген Қажыбайдың дүниеге келуі заңдылық сияқты.
Әрбір адам баласы үшін өсіп-өнген, мекен етіп, бауыр басқан жері - киелі. Оқуын бітірген соң Алматыда қалмай, кіндік қаны тамған туған жері Көкшетауға қайтып оралды. Өйткені, Төлегеннің танымында туған жер мен ана ұғымдары - егіз. Оның туған жеріне деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілігі, туған анасына деген сағынышынан кем емес перзенттік сезімі мына өлең жолдарында айқын аңғарылады:
Сыйың бөлек, күйің ерек, киелім,
Бұл жалғанда сені ерекше сүйемін.

Төлегеннің қай шығармасын оқысаңыз да, сәулелі ойға шомыласың. Мен оның поэзиясымен көптен таныспын, сондағы байқағаным, ол адамдардың арасындағы сан қилы қатынастарды, туған елдің қымбаттығы мен сұлулығын, достық пен махаббатты сипаттаса, "сөз атасы Майқы би" дегендей, сөз жүйесін, ой өрісін тауып, көңіл қозғар толғанысқа, терең тебіреніске батырады. Қуаныш пен қайғы-қасіретті айқын сипаттай біліп, шырылдаған шындыққа сүйенген поэзиясы өмірдің бір шетін тесіп шығады.
Ал махаббат, сұлулық, достық тақырыптарына келсек: "Сұлулық сиқыры керемет, Жаныңды шуаққа бөлемек. Әлемде сұлулық болмаса, Ақындар жынданып өлер ек", - деп сезім сырын, сұлулықтың барша әлемді ұстап тұрған сиқырлы ғаламатын дөп басып, бір оқысаң ұмытпастай сезімге бөлейді. Төлеген Тәуелсіздіктің көгілдір туын Есіл - Көкше аймағында белсенді көтерісіп жүрген қайраткер ретінде өмір сырын түбегейлі түсініп, бір шумаққа сыйғызыпты: "Өлім-өмір егесуі тегін бе? Ұғынуға ғасыр керек кемінде. Махамбеттер қалу үшін мәңгілік. Нұрсұлтандар есен болсын елімде", - дел Тәуелсіздіктің нұрлы таң, саялы шуағына құштар ақын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің ежелгі арманын орындаған абзалдығын паш етіп отыр. Осы қысқа ғана мысалдардың өзі Төлегеннің тума талант, сезімтал ақын, ойшыл азамат екенін танытып тұр.
Кәкімбек САЛЫҚОВ. 

 Анам едің, панам едің, Көкшетау,
Босағаңа басымды әкеп иемін. Әкесінен анасының құрсағында жатып жетім қалған Төлеген "Әке белгісі" өлеңінде:
Әкесіз өстім, дегенмен,
Бір үйдің қамын жүрмін жеп.
Алқалы топта келем мен
Әкеден туған ұлмын деп.
Жеткізген қолды арманға,
Ошақтың оты жанды да.
Әкеден туған мен барда,
Әкеден белгі қалды де, - деп тебіренеді.
Дарынды адамдарға қай заманда да өмір сүру оңай болмаған. Адамға, тіпті, жай адамның өзіне кейде дүниенің өзі тар көрінеді. Ал талантты кісіге қай кезде де солай болған әсіресе, өзімен-өзі қалған тұстарда оған мүлде ауыр. "Құдай да қиындықты көтеретін кісіге береді" демекші,
Кездерім көп тағдырдың тәлкегімен,
Табан түгіл маңдайдан сыз өтетін - деп ақын өмірдің қиыншылығына мойымай, төзімділік танытқанын білдіреді. Тағдыр қиыншылығын татпаса, жетімдікті көрмесе Төлегеннен "мөлдір сөздің шебері" дейтін талант иесі шығар ма еді деген ойға қаласың.
Төлеген Қажыбайдың қадір-қасиеті қанша кітап жазғанымен емес, халыққа қанша, қандай пайда келтіргенімен өлшенеді. Шын жазушы халық тағдырынан қалыс қала алмайды. Кеселдің ең үлкені енжарлық, нем-құрайдылық.
"Жаудан қорықпа. Азар болса, жау сені өлтірер. Достан қорықпа. Азар болса, ол сені сатып кетер. Дүниеде енжардан самарқаудан қорық. Ол өлтірмейді де, сатып та кетпес. Бірақ енжар бейтарап отырып екеуін де үндемей істейді", - деген ертеден келе жатқан қағида бар. Ендеше, осы ка¬ғиданы алға ұстап, енжарлық, немқұрайдылық танытпай, баспасөз беттерінде қоғамның кеселіне дөп тиетін сын мақалалар жариялаған да Төлеген болатын. Сонда не жазды? Өз басының қамын ойлап, арызданған жоқ.
Мен талай тірлігімнің тіктеу біткен,
Жарынан жазатайым құламадым.
Алайда, бір шыбын жаным үшін,
Ешкімнен кешу - сауға сұрамадым, - деп қара бастың қамын емес, елдің жайын ойлап, азаматтық борышын күні бүгінге дейін атқарып келе жатыр.
Шын жазушы бүгежек емес екендігін Төлеген осылай білдірді. Міне, шын мәніндегі азаматтық белсенділік деп осыны айтады.
Бертін келе дарынды ақын Кәкімбек Салықов та інісінің шығармашылығын жоғары бағалай келіп: "Төлеген Ғабит Мүсіреповтей мөлдір сөздің шебері", - деп баға беріпті. Оның берген бағасының дәлелі ретінде, Төпегеннің кітаптарын парақтап қарап шықсаң "Апырай", "ә" дегізетін, ойды толтыратын кестелі сөздері жиі кездеседі.
"Өз үнім, өз тілімді тыңдатарлық, Мендағы ақ некеден тусам керек", "Тектілікті басқа теуіп елтілік, Қайыр сұрап безіп әне кетті үміт", "Итиіп иттей жүргенше, Қасқыр боп өткен жөн шығар", "Ақындықтың қара бақыр құны жоқ, Қарындарды дарындардан биік қойған заманда!"- деген әрі шебер, әрі терең мағыналы сөздеріне қалай таңғалмасқа?!
Ақын адам проза жазса, бәрібір оның шығармасынан поэзияның самалы есіп тұрады деген сөз бар. Төлегеннің "Ит-тірлік" деген әңгімесіндегі құс қанаты аталатын қарашаның алғашқы қарын, көркемсөзбен өрнектеп суреттегеніне де таңғалмасқа болмайды.
"Зау биіктен ала құйын аптығы жоқ сабыр мен бірқалыпты себелей құйылып тұрар бір қуанышты сәті болады алғашқы қардың. Бейкүнә тірліктің көшпелі, өтпелі сыры осындай сәттерде ұмыт қалып, төбеңнен саулай төгілген ұлпа қардың ақ қанаты желпіген салқын лебіне алаулы жүзіңді тосып, рақаты мол қимас қылықпен тура бергің-ақ келеді. Қара жердің жалаңаш қалған сиықсыз тәнін қымтар қар көрпесінің ұлпа мамығы қалыңдаған сайын көз жетер әлемнің айғыздалған жаралы жүзіне өң кіріп, жаңа бір ақманарлы ажармен құлпырып шыға келгендей де әсерге бөлейді".
Қандай сиқырлы сурет. Өзіңді жауып тұрған қардың астында тұрғандай сезінесің. Міне, сөздің мөлдірлігі.
"Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" дегендей, Төлегеннің "өлең сөздің шын тұлпары" болған кезінде жазған
шығармалары,оқырмандарын ерекше сезімге бөлейді.
"Мына өмірдің сұрағы,
Жанға маза бермейді.
Көп ноқатты тіршілік,
Тезіне салып тергейді,
Кейде шаттық кеудемді,
Леп белгі боп кернейді.
Кідіргісі көп үтір,
Дәйегіне сенбейді.
Тырнақшаның ішінде,
Сірә, қалғым келмейді.
Өмірімнің соңына,
Нүкте қоям десем де,
Оған көңіл көнбейді".
Кәкімбек Салықов ағамыз: "Менің айтарым, Төлеген тырнақшаның ішінде қалмайтын қаламгер, қажырлы қайраткер, сондықтан да "өмірімнің соңына нүкте қоям десем де, оған көңіл көнбейді" дегеніне қос қолымды көтеріп қосыламын, ол әлі де берері көп өлең сөздің тұлпары", - деп баға беруінің астарында талантқа деген құрмет жатыр емес пе?!
Төлегеннің жаратылысы да бөлек, өзге ақындардан жүріс-тұрысы да бөлек болып көрініп тұрады маған. Меніңше, ол - өмірін жұртына арнап келе жатқан ақын. Өздерін "зиялы қауым өкілі" санап жүрген "Сен тиме- сең, мен тиме бадырақ көзденіп" жүргендерге мүлде ұқсамайды.
Мен білетін Төкең болса, "Несібемнен қағылып нем бар, жүген босатып жүре тұрмаймын ба" деген басқалардікі сияқты бақай есеп жоқ онда. Сондықтан-ау деймін, ол көбіміз айта бермейтін сөзді айтады, көбіміз бара бермейтін батыл қадамдарға барады. Өйткені, Төлеген өзегін ойламайды, ез елін ойлайды.
Жалпы, кімнің болса да өз дәуірінен, өз замандастарынан мойны озық тұрған қасиетін айту - адамгершілік қасиет деп ойлаймын.
Мерез мінез байланған-ау бесіктен,
Жалпақтаудан кездеріжоқ кешіккен.
Сен ойланып жүргеніңше ол ожар.
Май жақпай-ақ кіріп кетер тесіктен, - деп, ақын майлы жілік ұстау үшін жазылып тесек, иіліп жастық болуға әзір адамдарды уытты жырымен осқылайды.
Төлеген туған жерінің топырағына тамырын терең жіберген, ұлтының салт-дәстүрін, рухани қазынасын бойына жинаған бірегей тұлға десек, қателеспейтін шығармыз. Адамның жан-байлығы, ақыл-парасаты қай кезде сәнге айналар екен деген ойға келесің. Неге десең, біз қазір сахна жұлдыздарына теңеу таба алмай қиналып жатамыз.
Өзінің әріптесі Серік Тұрғынбеков Төкеңді "Көкшеден көтерілген көк қаршыға" деп
атап, ол ұраншыл шолақ ақындар сияқты емес дейді де:  
Ұранға,
Ұрынбайды.
Құр даңғаза,
Жаралған,
Жан жүрегі жырдан ғана.
Саздығы,
Серілігі қатар келіп,

Ұқсайдьі Ақанға да,

Біржанға да, - деп дарабоз талант иесі екенін айтады.

Шын ақын дегеніміз Алламен тікелей байланысқа түскен қарапайым пенде ғана. Ол Құдай берген қасиетті, күш-шабытты өзінше өлең-жырға айналдырып, айналасындағы адамдарға таратып жүрген ерекше жаратылыс иесі. Құдайдың өзі ақын етіп жаратқан адам ақындықтан қашып құтыла алмайды. Өйткені, шынайы ақын - Құдайдың жарлығымен өмірге келеді. Мұндай адамдар басқа жаққа мойын бұра алмайды. Абайша айтсақ, ақындық - айықпайтын дертпен тең. Ақынның міндеті - әлемнің, өмірдің, адамның жан сұлулығын паш ету. Тағдыр оған сондай міндет жүктеген. Енді ол ақындықтан өлмей, қара жерге кірмей құтыла алмайды. Қарап тұрсаң, бұл Төлегенге берілген мінездеме.
Ақын болу дегеніміз - тек қана өлең құрастырушы емес. Ақын болу дегеніміз - жұрттың көңілінен шығып, халқына, еліне пайдасын тигізу деп түсіне білген, Төлеген көңіліне еш нәрсені бүкпей, ойындағысын ашық айтады.
Бойыма қарама сен қаршығадай,
Жарысқа қосылман тер тамшыламай.
Желбуаз жабыларға қоспа, жаным,
Жортақтап жолға шықпас қамшыламай.
Тұрқыма қарама сен тоқпақтайын,
Жұртымның бір жігітін жоқтатпаймын.
Мойныма бір ұрпақтың жүгін артып,
Жетелер өрі қиын соқпақ дәйім, - деп ақын өзінің азаматтық қасиеттерін азаматтық позициясын білдіріп, ел-жұртына қорған бола алатын үнін өктем айтады. Заманы мен өзі емір сүріп отырған ортаның кемшілік- қайшылықтарына наразылығын білдіріп:
Жер жүзін топан басса екен!
Асқар таудан асса екен! - деп Мағжанша былғанған дүниені топан суға алдырып, тазартып, жаңа адам жасамақ болады.
"Жындар биі" драмасында Төлеген кейіпкері Періштенің аузына салған сөздерімен қазіргі замандағы адамдардың адамгершілік қасиеттерін сақтап қалуға үміт қалдырғандай: "Адамзатты соңғы арман, үмітінен үзу мен үшін де оңай болып тұрған жоқ. Соңғы үміт, соңғы сынақ. Осыны ұмытпа! Ұмыттырма мына ессіз тобырға. Ессіз жұрт есіңді жи! Жаратқан ием, жар бола көр пендеңе. Жарық күнде жарға жығып, қараңғы түнде орға жығып, одан шықса, сорға жығып азап шектіріп, адастыра көрме жазғандарды. Пенделер атынан жалбарынып бас ұрамын дәргегіңе, Жаратқан!".
Ауылдың ауыр жағдайы қай-қайсымызға да аян Бір кездері гүлденген шаруашылықтардың тоз-тозы шықты. Көптеген ауылдар түбегейлі жойылып кетті. Ауылдағы жұмыссыз қалған қазақ амалсыздан қалаға босып жатыр. Халықтың басына түскен ауыр жағдайға сырт көзбен қарамайтын Төлеген
Құдай-ау, Құдай кімдерден
теріс бата алдың,
Шаңырақ күйреп
түп-тамырдан оталдың.
Ит екеш ит те безініп сенен кеткендей,
Қарлығаш қонбас киесіз ауыл атандың, - деп тұрмысы құлдыраған ауылына деген күйзелісін білдіріп, ауыл тағдырына жанашырлық танытып оның болашағынан үміт үзгісі келмейді.
Дарынды ақынның даналығын, халқына деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін сезімін мына өлең жолдарынан тануға болады:
... Жалғыз ғана тілегім бар жалпақ ел:
арыздасып, араздасып,
бір-біріңді сатпаңдар!
Дар алдында дарыныңды
ара түсіп, ақтаңдар!
Мансап үшін міскін мұңдар,
тасадан тас атпаңдар!
Нұр-шуағын аямасын әлемге,
Маған саған, оған ортақ ақ таңдар!
Ұстараның жүзіндей
Мына жалған тірлікте
Бір-біріңді құрметтеңдер, сақтаңдар!
Өтінемін, бір-біріңді сатпаңдар!
Ақынның жүрегінен шыққан осы өлең жолдарын түсініп оқысақ, түсінгенімізді бойымызға, мінезімізге, адамгершілігімізге дарытсақ, сөйтіп ақылымызға ақыл қоссақ, ар-ожданымызбен жан дүниемізбен орындасақ өміріміз жеңілденер ме еді деген ойға қаласың. Міне, бұл-ойланатын мәселе.
Төлеген Қажыбайдың ақындығын айтып, ділмарсудың керегі жоқ. Оның асыл өлеңдерін оқу керек, зерделеу керек жай ғана көзбен емес, ой көзімен оқысаң жасқа - ақыл кәріге қуат беретіндігіне өз ойыңмен жетесің. Төлегеннің өзі жазғандай:
"Сен мені ойлайсың ба,
Бойлайсың ба сол ойдың тереңіне" дегендей, оқырмандар оның өлеңдеріндегі ойлардың тереңдігіне бойлап, ақылына ақыл қосса, онда барлық жағымсыз қылықтардан арылмасақ та, арылуға тырысар едік деп ойлаймын
Төлеген Қажыбай - қоғам қайраткері. Төлегеннің қайраткерлігі - ұлттың шынайы тірегі болуында. Оның қайраткерлігі сол - рухты жырлар жазуында. Төлегеннің қайраткерлігі сол - ол күні бүгінге дейін аймақтық "Бұқпа" газетінің және республикалық "Жер шоқтығы" журналының бас редакторы қызметін атқаруында. Оның осыншалық еңбекқорлығы кәрі-жастың бәріне үлгі боларлықтай. Жетпіс беске толайын деп отырған жасында әлі тың. Белі бүгілген жоқ. Қолынан қаламы түскен жоқ. Лайым, солай болғай!


ШАҒЫРОВ С.  Көкшеден көтерілген көк қаршыға // Солтүстік Қазақстан. - 2017. - 7 желтоқсан. - С.8

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий