Кездесу

4 февраля 2019 - Кабиева Р.

Қасиетті Қызылжар топырағында туып, қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгерлердің қатарында жазушы, драматург, публицист, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің есімі ерекше ілтипатпен аталады. Ол жарты ғасырға таяу шығармашылық жолында қазақ әдебиетін өркен­де­туге өлшеусіз үлес қосты. “Ақан сері” дилогиясы, “Жапан­дағы жалғыз үй”, “Заманай мен Аманай” романдары қалың оқыр­ман қауымнан да, әдебиет сыншыларынан да жоғары баға алды. “Ажар мен ажал”, “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам”, “Жаралы гүлдер”, “Қос анар” сияқты тағы басқа пьесалары республиканың айтулы театрларында зор табыспен қойылды. Оқырман назарына жазушының “Кездесу” атты әңгімесін ұсынып отырмыз.

Түн ортасы. Терезеден үңілген ай ақырын жылжып, төргі бөлмеде ілулі тұрған кәртішкелерге нұрын төгеді. Ай бұлтқа сүңгіп, жарығы көмескіленгенде суреттердегі иығына автомат ілген, ақ тонды солдаттардың реңі одан сайын қаракөлеңкелене көрінеді. Бұлттан шыға келген ай сәулесін түгелдей төккен кезде, олар да қалың тұманнан шыққандай болады. Бөлме ішіндегі жас балалардың тәтті ұйқыдағы ақырын пысылдаған демі мен тыстағы радио сымдарын тартқан бағаналардың желмен бірге шыққан тынымсыз ызыңы анық естіледі. Ұйтқыған қар еркелеп ойнағандай, терезе шынысына асыла көтеріліп, қайта төмендейді.

Досымжан әлі ұйықтаған жоқ. Қабырғадағы суретке қарап жатқан оның көз алдынан сонау бір жылдарда, майдан даласындағы басынан кешкен бір оқиғалар өтіп жатты.

...1942 жылдың сәуір айы. Аспан бетін тегіс бүркеген тұман түстес біркелкі қою бұлт қозғалар емес. Күннің сәулесін жасыра тұмшалап, ұзақ тұрды. Терістік-батыстан соққан өткір өкпек жел де аспандағы бұлтты қозғауға шамасы келмегендей, тек даланы ораған көк мұздақ қардың бүйірінен іріте тесіп, бойыңдағы суығыңды аламын дегендей дамылсыз соғып тұр. Траншеялардың алдына үйілген сары балшықтар ақ көрпесінен айығып, қоңырая көрінеді. Кеше таң алдында басталған атыс сол күннің кешінде ғана тоқталған болатын. Зеңбірек гүрілі өшіп, енді қайталамайтындай, маңайда жым- жырт тыныштық орнай қалыпты.

Бұл аймақта бейсауат жүрген адам көрінбейді. Тек қызыл асығынан батып отырған жалғыз адамның ізі ғана ағаштардың арасынан ирелеңдей шұбатылып, анық көрініп жатыр. Із бір адамның ізі болғанымен осы арамен кетіп бара жатқан адам екеу еді. Олардың бірі шалажансар, мойнына екі автоматты айқастыра асынған, ал оның өзі қолынан жаралы жолдасының арқасында келеді.

- Тұра тұршы, дем алайық, - деді ол бір кезде естілер-естілмес. Жаралыны арқалап келе жатқан тапал бойлы солдат аяқтары шалыса теңселіп барып, жуан, бұжырмақ қайыңға сүйеніп тұрып қалды. Бұл екеуінің жүзіндегі айырмашылық бірінің ұшы жоғырыға қайырыла шыққан мұрты жирен де, көзі көкшіл екіншісінің қою мұрты қара қоңыр да, төмен қарай иілген, қой көзді жігіт. Екеуінің де бетін қалың түк басқан. Бұлар Степан Руденко мен Досымжан Омаров еді. Кең жауырынын қайыңға сүйей отырған Степан жол бойы айтып келе жатқан тілегін бұл жолықайталағанымең саи-сү- йегін сырқыратқан жара жанын қи- нап, тілін күрмей берді.

- Дос, (Досымжанды танитын жолдастарының бәрі осылай деп атап кеткен болатын) енді сен... Хуторға жалғыз жет. Бәрібір менде енді тіршілік... жоқ. Иә, солай етуге тиісті...сің-деді ол. Бөлініп-бөлініп шыққан бұл сөздер қаншама әлсіз естілсе де, Досымжанның жүрегіне қатты тиіп, ине шанышқандай батты. Ол Степанның тілегін тыңдағысы да келмеді.

Степан қайтіп тіл қатқан жоқ. Кешкі дымқыл ауаны мейірлене

жұтып, көгілдір көздерімен қалың ағаш бұтақтарының саңылауларынан сығалаған шексіз аспан бетіне қызыға қарап жатты. Қат-қабат ойлар тізбегіндегі оның көп елестеткені өзінің жары Варвара болды.

Степан майданға аттанарда көзінің алдына бір моншақ жас іркіле қалған ол:

 - "Жеңіспен орал, аяулым!"-деп, көтеріп тұрған кішкентай қызын бауырына қысып қала берген еді. Әлі де сол қалпында тұрғандай, өзгеріссіз елестейді. Қызы да жұмсақ сары шашы желпілдей, топ-толық жұмыр білекті кішкене қолдарын бұлғап "Папа, көріскенше!" деп тұрған сияқты... Бұдан әрі оның басы айналып, көзінің түбі суыра, бейне бір тұңғиыққа құлап бара жатқандай сезінді.

 

Степанның соңғы рет дем алып, сұлық түскен жансыз денесін қапсыра құшақтаған Досымжан досының көзінен өмір оты өшіп бара жатқанын көргенде:

- Степа-а-ан! - деп ащы айқайлап жіберіп еді, оның өксік аралас даусын өкпек жел ғана қалың тоғайдың түкпір-түкпіріне алып қашқаны болмаса, Степан естіген жоқ, кеудесін кере жатқан қалпында көзін мәңгілік жұмды.

Досымжан соңғы кезде: "япыр- ай, мұндай да кездесу бола береді екен-ғой!" - деп жиі айтатын болды. Сөйтіп, бұл кездесудің жайын жолдас-жораларына да, тіпті бейтаныс адамдарға да сұратпай-ақ баяндай жөнелетінді шығарды. Бұл кездесу бұлай болған еді: тың көтеруге аттанған украиндық жастардың алғашқы бір тобы Октябрь колхозына да келді. Оларды қарсы алуға барған колхоз председателі ойлы көзімен айналаны тағы да бір шолып, жаңа қоныстанушыларға совхоздың осы колхозға жақын жерге орналасатынын айта келіп:

- Енді міне, көрші болып жұмыс істейміз, іске сәт! Әзірше орналасатын жерлерің колхозшылардың үйі болады. Басқа мәселелерді кейін шешеміз, -деген-ді. Жергілікті колхозшылар келгендерді үйді-үйіне алып кетісті. Олардың бірі болып, қысқа қара тоңды, қолы жоқ жеңін оң жақ белбеуіне қыстырып алған, орта жастағы, беті желге тотыға бастаған колхозшы Досымжан да 4-5 адамды ертіп үйіне беттеді... Досымжанның үйі. Шашын подполька етіп қидырған жұқа өңді, ұзын бойлы жас жігіт төсек үстіндегі жастыққа сүйеулі Досымжанның домбырасын алып, салалы саусақтарын пернелерінің бойымен жүргізіп көріп отыр.

Оның қос шегін дың еткізіп қағып байқайды.

-         Бұл аспаптың атын не дейді? -деп сұрады үй иесінен.

 - Домбыра дейді.

-         Рас па? - дегендей Досымжанның жүзіне таңдана қарап тұрып қалды.

-         Қызық, бізде де бандура бар. Бірақ оның құрылысы да, тартылуы да бұдан бөлек. Ал бұл атау қайсысына бұрын берілді екен! - деді ол.

Үстіне тоқыма қызыл күртке киген, талдырмаштау келген қыз әдеттегі еркелік үнмен күле сөйледі.

-         Ой, Славка, өзің экспедицияға келгендей сөйлейсің-ау. Сенен бұрын Қазақстан жеріне біреу келді ме екең сірә!

-         Тонечка, күлетін ештеңесі жоқ. Мүмкің шынында бұл бандура зерттелмеген шығар. Несі бар, егер біліп алса...

-         Дұрыс, сен музыкантсың ғой, жаңалық ашуыңа болады.

Досымжан ақырын жымия күліп сөзге араласты:

-         Славка, мұның атын бандура емес, домбыра деп атайды, - деді сөзін бөліп-бөліп. Тоня бұрынғыдан да бөтер қатты күлді.

-Ой, Славик, Славик, зерттеуің босқа кетті-ау. Сен ғой бағанадан бандура екен деп тұрдың. Жарайды енді, не болса да тайынбай зерттей түс.

- - Несі бар зерттесе. Бандура - домбыра.Не десеңдер де әйтеуір бір ұқсастық бар,-деп, қолындағы домбыраны әрі-бері айналдыра көріп, тақтайын шертіп-шертіп жіберді.Досымжанның шағын бөлмелі үйі күндегісінен де әлдеқайда көңілді, дуылдап шыққан жастар даусы керней түседі. Әңгімеге араласпай жеке қалған Наташа ғана. Ол жылы пешке арқасын сүйеп, сүйкімді сары бұйра шашын артына қарай желпи тастап, үнсіз отыр. Оның көңілін бөлген қатардағы бөлменің төрінде ілулі тұрған фотосуреттер. Ол сол суреттерге тұңғиық көкшіл көзін қадай, әлсін- әлсін үңіледі. Екі солдаттың суреті ашық есіктен түскен әлсіз сәуледен көмескілене көрінеді. Оның үстіне есікке ұстаған перденің көлеңкесі беттерін жауып тұр. Адам бейнелері көрінгенмен олардың жүзін айырып болар емес. Әйтсе де, осы бір бейтаныс сурет Наташаны өзіне бірте-бірте баурап барады. Аздан соң ол кезін мүлде айырмады. Қараған сайын жылы керіне түсетіні несі? "Әлде бұл адамдарды бір жерде көріп пе едім, таныс мүсін сияқты-ау... Бірақ бұлай деп кесіп айтуға олардың жүзі анық көрінбейді емес пе? Және Наташаның таныстары бұл жақта қайдан жүрмек?.. Жоқ, жоқ, бір көрген адамға ұқсайды. Не болса да жақындап барып көрсе қайтер еді. Осы ойда отырған Наташа:

-  Досымжан Омарович, ғафу етіңіз, фотосуреттерді көруге рұқсат па екен? - деді үй иесіне қарап.

-            А-а, көріңіз, көріңіз.

Наташа қара көлеңкеде тұрған үлкен рамкадағы сурет алдына, бейнебір терең жарға түсіп кетуден сақтанған адамдай, аяқтарын еппен басып, ақырын барып тоқтады. Арада бірнеше минуттар өтті. Ол қалшиған күйінде қимылсыз тұр. Бұл кезде стол айналасындағы адамдарға үй иесі сол суреттің майдандас украиндық досының суреті екенін әңгімелеп кеткен еді:

- Соғыс басталмай тұрып, аудандық партия комитетінің бірінші секретары

болып қызмет еткен адам, өте адал, жүрегі таза адам еді. Алғашқыда партизан

тобын басқарған да, кейін алдыңғы шептегі айқастарда болған... Иә, соғыс арамыздан Степан сияқты талай қадірлі адамдарымызды алып... - дей берген кезде сөз үзіліп қалды.

Үйде отырғандардың бәрі бұл кезде солқылдап жылап жіберген Наташаға жалт қарасты. Көздеріне жас толған Наташа жүгіріп келіп:

- Сіз менің әкемсіз! - деп үй иесін құшақтай алды.

Жұрт аң-таң. Не мәнмен айтылғанын түсінбей қалған Досымжан да алғашқыда сөз таба алмай бөгеліп қалды да, күстенген қуатты саусақтарымен оның шашын сипай берді. Көзінде жас іркілген қалпы Наташа кенет радикулін алды да, бір суретті үнсіз ұстата берді. "Енді не айтасыз?" - дегендей, үй иесінен көзін айырмады.

Суретті көріп, өз көзіне өзі сенерін де, сөнбесін де білмей Досымжан тұр. Шарасы кеңи түскен көздерінде әлдебір таңдану белгісі бар. Оның қолындағы - төрде ілулі тұрған үлкейтілген суреттің түп- нұсқасы еді.

-   Түсінбейсіз бе? Әлі де түсінбей тұрсыз ба? - деді Наташа үсті- үстіне асыға.

-   Мен сол жолдасыңыз Степанның қызы Степановнамын!

Досымжан енді ғана түсініп, бас салып, Наташаны сау қолымен құшақтай алды. Маңдайынан сүйгенде, көзінен ыстық жас ыршып- ыршып кетті. Үйде отырған украиндық жас қонақтар Степан Руденконың төрде ілулі тұрған суретінің алдына барып, үй иесі Досымжан екеуінің солдаттық кездеріндегі отырыстарына тамашалай қарап тұрды.

 

Осы үйдің іші бұлардың әрқайсысы үшін өз үйіндей жылы, ауасы бағанадан да  кеңіп кеткендей сезіледі. Досымжан балаша күле береді. Бірдеңе дегісі де келетін сияқты. Иә, оның ойында бір ғана сөз тұр. Ол «Міне, тағы да біргеміз, украиндық бауырлар!»

Сәкен Жүнісов


 

Жүнісов С. Кездесу. / "Soltustik Qazaqstan". -№12.-2 aqpan.-2019 jyl.-5 bet. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий