Жырымен жүректі тербеген

5 февраля 2018 - Нугуманов Арсен

 Туған жерден шалғайда жүрсем де, қасиетті Қызылжар топырағында болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп отырамын. Бүгіндері жерлестерім жергілікті қарт қаламгер, ақын, жорналшы, қоғам қайраткері, бірнеше дүркін мемлекеттік марапат иегері Мүтәллап Қанғожинге 80 жасқа толуына орай құрмет көрсетіп жатыр екен. Ақын ағаны осынау өмірлік белесімен құттықтай отырып, жүрекке - жылу, көңілге - көрік, шабытқа ләззат болсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.

Мүкеңнің Есіл ауданына қарасты Қарағаш ауылының тумасы екендігі мәлім. Бұл елді мекен - ақ қайыңы жайқалған орманның ортасына орналасқан таза қазақ ауылы. Ежелден салт-дәстүрге бай, жол-жораға жетік, қоғамдық тұрмыс-тіршілікке әбден төселген, тұрғындары - оқығанын жүрегіне тоқыған ел. Ақынның "Ақ қайыңдар аралы" деп аталатын ең алғашқы жыр жинағы да, міне, осы ауылдың сөзбен кестеленген көрінісі іспеттес.
Ақ қайың атырабы - оқалы
                                               орман,
Бойына бауыр басып,
                                   бабам қонған.
Кереге, уық жонып құба талдан,

Алысқа көз жүгіртіп ойға
                                             шомған.
Ақ қайың - үкілі орман жайған
                                                  қанат,
Сыңсиды сыр тартқандай ойдан ғажап...
                                                               немесе
Аралы ақ қайыңдар менің
                                             жұртым,
Қойныңда туған талай
                            аптап - арман, -
деп келетін жыр жолдары - менің сөзімнің нақты дәлелі. Ал мына: "Туған үйім, ауылым, алтын ұям - Қарағаш. Оның қарын, дауылын, қарсы аламын жалаңаш!"-дегенін ақынның жастық жігермен, патриоттық сезімнен туындаған орасан зор махаббат күші деп қабылдау қажет.

Ақын - күнделікті өмірдің тамыршысы. Осы тұрғыдан алғанда Мүтәллап Қанғожин қаламынан туындаған өлең шумақтары нысанаға дөп тиіп жатқан жебе ме дерсің. Ауыл баласы болған соң, оның тілге тиек етері де сол ортадан басталатыны белгілі. Ендеше, оқып көрелік: "Көрінбей кетті демегін, менің ауылдастарым. Жебеуің мен демеуің, қиянға қанат қаққаным. Ауылдастар ортаңнан, ой өріп ұшқам, жыр қуып. Сіміріп сәуле әр таңнан, жаныма сиқыр сыр құйып. Өздеріңмен бір кешкен, өмір жолына үңілем. Шерулі, шулы сол көштің, суретін жазам түбі мен!". Міне, ақын о бастан-ақ өзінің өмірлік мақсат-мүддесін, азаматтық позициясын тасқа басып жазып қойған. Мүкең - сол сертінде тұрған ақын.

Мүтәллап Қанғожин - екі ғасырдың куәгері және кейіпкері. Олай дейтініміз, ақын ағамыздың өзінің атына сай ақындығымен қатар, мемлекетімізге еңбегі сінген қайраткер екенін де еске сала кеткен орынды. Ұстаздық пен комсомолдан еңбек жолын бастаған Мүкең келе-келе Есіл өңіріне танымал қаламгер-жорналшы атанды. Оның шалқар шабытына арна болған Петропавл телестудиясының ұжымы десем, қателеспеймін. Алпыс жылдық тарихы бар осы шығармашылық шаңырақ - Мүкеңнің жарты ғасырлық еңбек өтілінің куәгері. Ол осы ортада азамат ретінде де, ақын ретінде де шыңдалып, әбден қалыптасты. Бойына күш-қуат, білім, тәжірибе жинақтап, ұжым басшысы қызметіне дейін көтерілді. Ол басшы ретінде шығармашылық кеңістікке кең жол ашып, егеменді еліміздің тыныс-тіршілігін жаңа жобада халыққа жеткізуге мүмкіндік жасады. Күнделікті өмір талабына жауап бере алатын, бәсекеге лайықты шығармашылық ұжым қалыптастыруға күш жұмсады. Ақынның еңбегі зая кеткен жоқ. Сол жылдары Мүкеңнің алдын көрген жас журналистер - қазірде тіс қаққан қаламгерлер.

Ақын өлеңдері - оның өмір күнделігі. Өзінің көргені мен түйгенін, қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен қасіретін ол өлең жолдары арқылы бөліседі. Егер Мүкеңнің адами өмірлік тағдырына тереңірек үңілгіңіз келсе, тағы да оның поэзиясына жүгінесіз. Міне, осы жер¬ден сіз шөліңізді басып, жыр бұлағынан емін-еркін сусындай алуға толық мүмкіндік туады.

Жоғарыда ақынның өлеңдері күнделігі дедік. Сол күнделіктің үлкен бір парағы соғыс тақырыбына арналған. Оның өзіндік сыры да жоқ емес. Мүтәллаптың туған ағасы Мүбарак-соғыс құрбаны. Әкесі Мұхамади марқұм да сол жылда¬ры дүниеден озған. Міне, осы ауыр жылдар 6-7 жасар бала жүрегіне жазылмайтын жара салып кетті. Жесір, жетім қалған Бәтіш ана болса жалғыз ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ержеткізу үшін күн кешті.
Соғыс, соғыс, қасіретіңді
                                         көп көрдік,
Қазаны да, азаны да өткердік.
Қаршадайдан қабындырып
                                             өкпемді,
Дөңге шықтық, қабымызды
                                           бөктеріп.
Соғыс десе, дір етеді жүрегім,
Зардабынан әлі де
                                    әлсіз білегім.
Әке, ағасы оққа ұшқандар
                                          бар болса,
Мен де достар, сол жетімнің
                                             бірі едім!
Жаралы жүректің жырлары ақын поэзиясынан үлкен орын алған. "Сағыныш хат", "Қос қарлығаш", "Бір үзім нан туралы балла¬да", "Қол диірмен", "Үзілмеген үміт", "Іздеу", "Келші, аға!", "Солдат қабірі" сияқты өлеңдерін тебіренбей оқи алмайсың.
Шалдыққан өгізбен парласып,
Соқаны тартты анам зорлыға.
Қайғы мен өр намыс арбасып,
Тез тапты тірлікке жолды да.

Бәріне бейіл ғой шешеміз,
Күтеміз хабарын ағаның.
Шкафта тұр әлі кесеңіз,
Тай өсті сыналап сағағын.

Еркелеп мойныңа асылып,
Басайын сағыныш мауқымын.
Іркейін көз жасын жасырып,
Келші, аға! Тым болса
                                        жарты күн!
Бұл өлең жолдары – өмірлік шындық. Майдан даласынан оралмаған боздақтарын жоқтап, қайғы - қасірет жұтқан жандар аз болды ма?! Мүкеңнің ағасы Мүбәрак та соғыстан оралмады. Ақын "Қаралы хабарды шешеме естірту" деген өлеңінде: "Соғыстың өрті шалыпты, босағамызды аямай, ағайды ажал алыпты, қыршындығына қарамай! Жұбатқан елді жылаған, ақсақалдар да мықты еді, шаңырақты сонда құлаған, тұрғызуды маған жүктеді. Бір уйде бүкіл атадан, мен қалған еркек кіндікті, ашатын менмін қайтадан, жабылып қалған түндікті!". Осы өлең жолдарын оқып отырғанда, ақынның биік парасатын, терең пайымын аңғару қиын емес. Қарашаңырақ алдындағы, әке мен аға аруағы алдындағы өзінің перзенттік парызын айқын айтып берген.

Мүтәллап Мұхамедиұлы ағасының сүйегі қалған жерді ұзақ жыл¬дар іздеумен болды. Сол мақсатпен Украина, Белоруссия мемлекеттеріне бірнеше дүркін сапар да шекті. Тек арада қырық жылдан астам уақыт өткен соң барып, Мүбәрак Қанғожиннің Ресей жерінде бауырластар моласында жерленгені туралы хабар алды. Сол сәтін- де-ақ жолға шыққан Мүкең ағасының сүйегі жатқан жерге барып қана мауқын басты. Туған ауылы Қарағаштың бір уыс топырағын ала барып, бауырластар моласына септі. Ал сол қорымның қара топырағын ала келіп, Қарағашта әкесі жатқан зиратқа жерледі. Аяулы аға Зүбайра жеңгеммен бірге мені осы рәсімге бірге апарды. Сол сәтте қабір басында босағаны көз алдымда. Сонда ол:

- Шашубай, менің көз жасым - сағыныш пен қуаныштың жасы. Сағыныштың себебін езің де білесің, ал қуанышым-ағамнан бұйырған бір уыс топырақты туған жеріне жеткізгенім. Осы ой неше заманнан бері мазалап жүр еді, енді, міне, жүрегім орнына түсті, - деп ақын аға қатты толқыған болатын.

Ақынның қалам тартқан тақырыбы сан алуан. Оның бәрін талдап, жеріне жеткізу - қыруар шаруа. Ондай жауапкершілікті мойныма алудан аулақпын. Келешекте Мүтәллап Қанғожиннің шығармашылық әлеміне зерттеу жасайтын жас ұрпақ өкілінің табылатынына сенемін. Ал менің айтпағым, қарт қаламгердің жігерін жанып, оқырманы алдында жауапкершілігі әлді де болса бар екенін ескерту ғана.

Мүтәллап Қанғожин ақын, жорналшы, қайраткер ғана емес, күнделікті өмірде адал жар, абзал әке, ардақты ата екенін де естеріңізге сала кетейік. Жақында ғана бақилық болған Зүбайра жеңгеміз екеуі дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Біржан, Мағжан, Тоғжан есімді ұл-қыздары - осы текті шаңырақтың түтінін түзу ұшыруға лайықты ұрпақ өкілдері.



МАЛДЫБАЕВ Ш. Жырымен жүректі тербеген // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 30 каңтар. - 4 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий