Жастардың сүйікті сабағы [Мағжан Жұмабаев - 125]

15 августа 2018 - Кабиева Р.

    Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевқа туыстығым бар екенін сегізінші сыныпта әжем Бибізайып Бекенованың айтуынан білдім. Оған дейін бізді әлі жас деп, үйдегі үлкендер мұндай әңгімеге араластырмаған болар, мүмкін, өзіміз де балалықпен Мағжан туралы айтылып жүрген сөздерге ден қойып Мағжанның қазақтың дара тұлғасы екенін және оның атам Сәлімжанның туған бауыры болып келетінін білген күннен бастап, әжеме сан алуан сұрақтар қойып, маза бермегенім есімде. Әжем айтқан әңгімелердің бәрі де маған қатты әсер етті. Қазақтың біртуар тұлғасы Мағжанның туысы екенімді қаншалықты мақтан тұтсам да, бойымдағы бұл атқа лайық болып, атамды көбірек танысам, ол туралы көбірек айта алсам деген жауапкершілік сезімі басым. 

Бибізайып әжем Мағжанның бала күндері жайында айтқанда, Жұмабай қажының оны әрқашан да мақтан тұтып, немересіне айрықша сенім артқанын тілге тиек ететін. Жұмабай қажы немересінің бойында ерекше қабілет барын ерте жасынан-ақ аңғарса керек. "Түбінде елге қадірлі азамат болып, атымды шығарады", - деп оны әрдайым қолпаштап отырыпты. Шынында да, Мағжан атам төрт жасынан хат тани бастаған екен. Мектепке де ерте барғаны белгілі. Бірінші өлеңін ол он екі жасында жазды деген деректер де бар. Медресе қабырғасында білім алып жүрген кезінде оның ұлтжандылығын танытатын алғашқы өлеңдері дүниеге келген. Ақын қандай тақырыпты жырласа да, бәрі де "Мен Мағжанмын" деп тұрғандай әсер беріп, әрқайсысынан ақын жүрегінің тебіренісі сезіледі.

"Жәжеке (Мағжан) Ойқызылға келерде, оған арналып жеке үй тігілетін. Костюм киген көрікті жігітке мың қараса да, ауылдықтардың көзі бір тоймайтын", - деп еске алатын Бибізайып әжем. Бибізайыптың Мағжанның келіні ғана емес, Жұмабай әулетіне туыстығы да бары белгілі. Сол себепті жас кезінде ол Бекеннің ұл-қыздарымен бір үйдің балаларындай араласқан. Ол Мағжанның інісі Сәлімжанмен отау құрады. Алайда, біраз жылдар бойы сәбилері шетіней берсе керек. Сонда ұлы әжеміз Гүлсім дүниеге келген кезекті баланың кіндігін балтамен кесіп, атын Тасболат деп қойыпты. Біз осы кісінің балаларымыз. Баршамыздың ақылшы, қорғанымыз болған Бибізайып әжеміз 1999 жылы тоқсаннан асқан шағында дүниеден озды. Алайда, оның өнегелі сөздері, құлақ құрышын қандырар әңгімелері жадымнан кетер емес.

Мен өмірлік жолымды ұстаздықпен байланыстырдым. Жастарға қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы ұстазы Мағжан Жұмабаевтың өмірі, еңбек жолы мен туындылары жайлы дәріс оқуды пешенеме бұйырған бақыт деп білемін. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің оқыту бағдарламасына "Мағжантану" курсы 2006 жылы енгізілді. Білікті әріптесім Айман Қасенова осы күнге дейін талай жасты Мағжан әлемімен қауыштырды.

Бірде колледж директоры Ерлік Жанділдин ұлы ақынның есімін алып жүрген оқу ордасында оның ұрпағы да еңбек етсе деген ойын айтып, "Мағжантануды" Айман Қапенқызымен бірлесіп өткізуді маған ұсынды. Сөйтіп, осы білім ор­дасында тарих пәнімен қоса, "Мағжантанудан", сабақ берігі жүргеніме бір жылға жуық уақыт етті. Бүгінде мені жастардың Мағжанды сүйіп оқитыны қуантады.

Бұл пән студенттерге ақынның шығармашылығын таныту арқылы оның жеке тұлғасы мен философиялық ойларын жете түсінуге мүмкіндік береді. Балалармен аптасына екі рет кездесіп, Мағжанның өмір деректеріне шолу жасап, шығармаларына талдау жүргіземіз, поэмаларынан үзінділерді сахналаймыз. Бірде сабағымызды И.Шухов атындағы қалалық кітапханада өткізіп, студенттердің жазған эсселерін көпшіліктің назарына ұсындық. Осылайша, студенттермен бірге әр сабағымызды түрлендіріп өткізуге тырысып келеміз. Бірінші курс студенті Алмагүл Әбділдина Мағжанның өміріне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді қолға алмақ. Оны ақынның туған елді мекенінен бастауды жоспарлап отырмыз.

Мағжанды талай ғалым-жазушылар зерттеді және әлі де зерттей бермек. Ақынның шығармашылық жолы мен бойына дарыған өнері әлі талай еңбекке арқау болары сөзсіз. Ақын қалдырған дара жол - келер ұрпаққа өнеге, мұрат.

"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін... Бұдан соң Мағжанды сүйемін... Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезінгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын... Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалатын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздан бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін. Қай өлеңін оқысаңыз да, әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді", - деген Мұхтар Әуезовтің сөзін жүз қайыра оқимын. Мағжан - халқын шын сүйген, сонымен бірге ашынып, аянышты ел халі үшін күйіне білген жан.

Гүлмира БЕКЕНОВА, Мағжан Жұмабаевтың туысы.

 

Г. Бекенова. Жастардың сүйікті сабағы. // Soltustik Qazaqstan.- №73 (22246). -21.06.2018.-10б.


 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий