Дәуір дауылпазы

5 марта 2018 - Нугуманов Арсен

  XIX ғасырдағы әйгілі сері, әнші, ақын, композитор Сегіз сері (шын есімі Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов) туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ән мұрасы, шығармашылық ғұмырбаяны халқымыздың өнерпаздық тарихынан ұзақ жылдар бойы түрлі себептермен қағаберіс қалып келген. Сегіз сері жайлы ғалым Төлеш Сүлейменов, жазушы Нәбиден Әбуталиев жеке жинақтар шығарды. Белгілі өнер зерттеушілері, әдебиет мамандары, тарихшы, ақын- жазушылар Сегіз сері өміріне байланысты түрлі байламдар айтты. Өңіріміздің Жамбыл ауданына қарасты Благовещенка кеңшарының жеріндегі Гүлтөбе - Маманайда Баһрам батырдың отбасында дүниеге келген бабамыздың туғанына биыл 200 жыл толады. Атақты Біржан сал Қожағұлұлы ұстаз тұтқан бабамыздың өмір жолы, шығармашылық мұрасы туралы ғалым Серік Негимовтің зерттеу мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 


  Сегіз сері (шын аты - Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақов қазақ халқының дара туған аса дарынды перзенті. Орыс, араб, парсы, түркі тілдерін жетік білген. Өзі ақын, өзі әнші, өзі композитор, өзі сыбызғышы, қобызшы, күйші, шешен, батыр, саятшы, мерген, зергер, өрімші екен.

  Сал-серілік өнердің негізін салып, қалыптастырып өркендетушілер: Дәстем сал мен Дүйсен сері. Бұл ретте Сегіз серінің (1818 - 1854):

Өтіпті бізден бұрын Дүйсен сері,
Болыпты күнде думан жүрген жері.
Сол ердің үлгілі ісін жалғастырған,
Керейде менің атым Сегіз сері, -

деген сөзі дәлел.

  Сегіз серінің тобында Сейітжан сал, Кұшан сері, Нияз сері, Шәрке сал, Дайрабай күйші, Қобылан әнші, Шынияз әнші, Аббас батыр, Сәду батыр, Өске ақын, Орынбай ақын, Көрпе ақын, Біржан сал сынды дүлдүлдер болған.
  Сегіз сері 1830 жылы Омбының тілмаштар дайындайтын Азия мектебіне түсіп, 1836 жылы поручик шенінде аяқтайды. Өрі - қыры бірдей самырсындай сымбатты сайыпқыранды патшаның атарман-шабармандары Орта Азия халықтарының арасындағы бүлік-жанжалдарды тұншықтыруға жеккісі келеді. Алайда, жазалаушы отрядтардың құрамында болудан мүлде бас тартады.

Ұлықтың сайран еткен бақшасында,
Қызықпан бай-көпестің ақшасына, -

дейді "Қырандай жаяйыншы қанатымды" деген толғауында.

Шенеуніктер соңына шырақ алып түседі. Олардың бұзық ниетін байқаған ол шұғыл түрде Нияз серімен Кіші жүз еліне, Еділ- Жайық бойына өтеді. Сөйтіп, Сегіз сері Қалдыбай батыр ауылына ат басын тірейді. Ол үптің қызындай үлдір Ғайнижамалға ынтық болып, сұлулық сымбаты, көркемдік сипаты бөлек "Ғайни" атты ән шығарады.

Жалғанда естен кетпес
                                       Ғайни атың,
Өртеген өзегімді перизатым.

Көркіңді бір көруге аңсап келген,

Ақыны Сарыарқаның Сегіз атым.

  "Маралдың қолға түскен лағындай", "Қоянның асыранды көжегіндей" ару қызды ардақтап, сөз асылын, сезім сұлулығын сәулелендіре жеткізеді. Сардарлықты серілікке ұштастырған.

  Сегіз сері өз заманының беткеұстарлары Исатай мен Махамбет, Құрманғазы, Шернияз, Сүйінбаймен төс соғысқан дос болған. Ол Тауһартас", "Мақпал", "Қарлығаш", "Әйкен-ай" әндерін, "Қосқыран" (Исатай - Махамбет туралы), "Қызыл нар", "Ақ қайың", "Алмас қылыш", "Семсер", "Есіл" күйлерін шығарған. "Атақтының атақтысы" (Ғ.Мүсірепов) Сегіз сері - қазақтың ақындық, әншілік, музыкалық өнерінің ұлы мектебін құрған әйгілі Біржан салдың ұстазы. "Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері, Солардан үлгі алған мен Біржан сері",-дейді.

  Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске куәгер болады.
Еділ-Жайық бойы Ер Сегіздің жүрегін, ойын толқытады.

Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,
Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.
Соларға басшы болған ұлы батыр ақын,
Исатай асқар таудай ер екен ғой.
Немесе:
Асылдан шыққан болатым,
Қарадан шыққан бекзатым,
Жорықта жойқын озатым, -

деп жырга қосыпты.

  Исатай-Махамбет мерт болған соң, туған жерге оралады. Серілікті күшейтеді. Ұстахана ашады. Зергерлікпен шұғылданады. "Олардың ішінде өзіне ерекше ұнайтын өрнектелген күміс кісе, сұлу ертоқым, әсем алқа, өңіржиек, алтыннан, күмістен құйып жасаған сұлу сырға, толқынды білезіктер, сақиналар - бұлардың барлығын ол сұлу қызға тарту үшін істеген. Осындай ұлы дуниелерді қоржынға салып, ел-елді аралауға шығады. Алдымен Торғай өлкесіне, Жайық бойына, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз бойын аралайды. Осы арада жүріп "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Қыз Жібек" жырларын айтып жүреді. Оның бір ғажайып жері, Сегіз сері жазған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының бір нұсқасы Ахмет Жантуриннің алдында сақталып, ол кейінірек Н.И.Ильминскийдің қолына түседі. Бүгінде сол жыр Татар Республикасының архивінде сақтаулы тұр. Ол қолжазба Сегіз серінің қолында болу керек. Ол Қазанда он шақты рет басылып шықты. Жыр былай деп басталады:

Жасым бар жиырмада жылым мешін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін,
Айтайын бес-алты ауыз құлағын сал,
Қозы Көрпеш-Баянның әңгімесін.

  Демек, Сегіз сері бұл жырды Омбыда оқып жүрген кезінде, жиырма жасында жазған. Туған жылы мешін, 1808 жылы екенін көрсетеді, жиырма жасы 1828 жылды білдіреді. Сол жырды кейін өзімен бірге алып жүріп, жырды, шежірені көп жинаушы Ахмет Жантуриннің үйінде қалдырады" (Әлкей Марғұлан. Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер..."Жұлдыз", 1983, №9,173-188).

  Баянауылдық әнші, ақын Жәмшібай Бегенұлы 1855 жылы "Сегіз сері баһадүр" атты дастан шығарған. (Классикалық зерттеулер. Т. 11. Алматы, "Әдебиет әлемі", 2012. 355-бет). "Мақпал қыз" дейтін халық жырында Ер Сегіздің бейнесі көркем елес береді.

  Құдіретті әнші Манарбек Ержанов Сегіз серінің "Толыбайын" Әміре Қашаубаевтың өз аузынан естіген. (Манарбек Ержанов. Алматы, Өнер, 2012).

  Бұл орайда Сегіз серінің шығармашылық өмірбаянындағы кейбір деректердің (әсіресе, туған жылына қатысты) дұрыс еместігін ескерте кеткен жөн болар.

 Негізінде, қазақтың сал-серілік дәстүрі, оның ішінде Сегіз серінің өмір жолы, өнерпаздық белестері, шығармашылық тағдыры академик Ә.Х.Марғұланның жоғарыдағы зерттеуінде тәптіштеп жазылған. Сондай-ақ, профессор М.Мұқановтың "Из исторического прошлого" (Алматы, 2000), О.Тұрсыновтың "Очерки истории казахов Омского Прииртышья" дейтін еңбектерінде және архивтанушы Амантай Сатаевтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архивінің 338 қорында сыртқы округтерде қазақтардан сұлтан, старшын және заседательдер сайлау туралы құжатта Сегіз серінің ата-тек шежіресіне, өз басына қатысты тарихи деректер келтірілген (Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы. Гауһартас. Астана, "Елорда",2004,198-200 беттер).

 Сегіз серінің шәкірті болған Жаяу Мұса жайлы ғұлама Әлкей Марғұлан мынадай деректерді келтіреді:

 "Жаяу Мұса Құдайбергенов деген көңіл жетер адамның ауылында қонақ болып отырғанда, II Александр патшаның суретін көреді. Патша десе, төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды. Мұндай сәтті кезеңді пайдаланған бай, болыстар: "Мұса Байжанов опасыздық іс жасады, патшаның арын аяққа басты", - деп бұл оқиғаны дереу Дала генерал-губернаторына жеткізеді. Мұны естігенде ол ызадан жарылып кете жаздайды. Генерал-губернатор өзінің ел тонаушы жендеттеріне Байжановты Баянауылдан Омбыға дереу және қайткенде де жаяу жеткізуге бұйрық береді. Патша өкіметінің солдаттары жолда әбден сілесі қатып шаршаған Жаяу Мұсаны генерал-губернатордың алдына алып келеді. Омбының облыстық әкімшілігі Мұса Байжановтың наразылық шағымдарын құлақтарына да ілмей, құдіретті патшаның қадірін кетіргені үшін оны он жылға каторгаға жіберуге үкім шығарады".

  Сегіз сері көкірек көзі ояу өнерлі Жаяу Мұсаны өз тобына қабылдайды. Бұл кезде ол сыбызғы, сырнай, скрипка, қобыз аспаптарында ойнауды үйренген еді. Соның алдында Сейітжан салдан әншілік пен домбырашылықты меңгерген.

 Сегіз серінің көзін көрген, сөзін тыңдаған, үлгі-өнегесін бойына дарытқан Жаяу Мұсаның "Ер Сегіз" дастанында біртуар жанның өнерпаздық тұлғасы сыршылдықпен сипатталады.

Айталық мына бір жолдар соның бір

айғағындай:
Жігіттер өнер қусаң, Сегізге ұқса,
Шәкірті ем Сегіз сері атым Мұса.
Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,

Үш жузде Ер Сегіздей көп ұл туса, -
деген жолдарда серінің бүкіл болмысы дәйектеледі.

 Сегіз серінің "Толыбай" дейтін әнін Манарбек Ержанов Әміре Қашаубаевтың өз аузынан уйренген (Қоспақов 3. Талайды тамсандырған Манарбек. "Қазақ әдебиеті" 1992, 17 шілде).

 Заманының сұңқары Сегіз сері шығармашылығында көркемдік құбылыстармен қатар, арғы-бергі ғасырларда тарих сахнасына шыққан атақты абыз-билер, баһадүр батырлар, хандар, ділмарлар есімі молынан ұшырасады. Мысалы, "Сегіз серінің батасында" Асан қайғы, Әнет баба, Әз Жәнібек, Әз Тәуке сынды тарихи тұлғаларға сындарлы сипаттама беріледі.

 "Халқының келешегін жастай ойлап,

арманның мұхитына шомған" Сегіз сері: Үш жүзге атым шыққан Сегіз сері,
Атандым он жетімде қазақ ері.
Ер Сегіз ел қорғаған батыры деп,

 Үш жүздің ардақтайды барлық елі, -
дейді ой серпіні мен ақындық тегеуріні турасында. Иә, ұлт тарихында сал-серілік дәстүрдің бастаушысы болған дәуір дауылпазының өршіл даусын естіп, өрен тұлғасын елестеткендей боламыз.
 Толыбай сыншының тұқымынан өрбіген қаракөк "Сегіз сері Мұхамедқанапия - ән атасы" (Сейдімбек А., Әбжанов X. Салғараұлы Қ. Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы. Астана: Фолиант, 2012. 6-6ет).


Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің

профессоры, филология

ғылымдарының докторы.


НЕГИМОВ С., Дәуір дауылпазы // Қызылжар нұры. - 2018. - 2 наурыз. - 3 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий