Дара дарын

11 февраля 2019 - Кабиева Р.

“Арқаның ардагері еркін өскен,

Ән шырқап, домбырасын шертіп өскен.

Ақжарқын ақын аға Молдакемнің,

Қашанда шығармас ел кейпін естен”, – деп жерлес ақын Ахметжан Нұртазин жырға қосқан Молдахмет Тырбиұлы 1882 жылы Қарауыл руының ежелгі қоныстарының бірі – Тулақ ауылында, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.

Ол кішкентайынан зерек болғанымен, тұрмысы төмен отбасынан шыққандықтан толық білім алып, өнер қуып кете алмады. Дегенмен, ауыл молдасынан сауатын ашты. Өлең жаттап, домбыра тартуға, ән айтуға үйренді. Ол бес жасынан бастап байдың малын бағып, әкесіне сүйеу болды.

Молдахметтің өнерге деген талабына Сырымбет баурайында өткен үлкен бір жиында Ақан сері көңіл аударады. Осы бір үлкен бас қосуда алты жасар бала Молдахмет өлең айтыпты. Қарт Ақан жас өренді тізесіне отырғызып:

“Сенің әкең Тырби,

Өзің болсаң қырғи”, – деген екен.

Шынында да, Молдахмет он алты жасында “Бала ақын” атанып, өмірінің соңына дейін ел-жұртын өлең-жырымен тербеді.

Ол елге әнші, жыршы, айтыскер ақын ретінде танылды. Оның “Тасқындайды өлеңім”, “Толғау”, “Қалдырған”, “Шалқыма”, “Сәулеш” және Темірғали Қасеновке арнаған ән-жырлары халық арасына кең тараған. “Шалқыма” және “Сәулеш” атты әндері “Жазушы” баспасынан 1965 жылы жарық көрген “Пернелер мен термелер” жинағында басылды.

Ақан серіге арнауында:

“Арқаның ән бұлбұлы Ақан сері,

Жүлде алған, топтан озған Құлагері.

Саласын Сырымбеттің сайраңдаған,

Әніңді халқың білер ардагерім.

Көкшетау туып-өскен жерің дарқан,

Бұл күнде егін, малға толған алқаң.

Қалдырған Қарауылға домбыраңды,

Ақын аға әніңмен күнде тартам”, – деп Ақанға деген құрметін, ілтипатын жыры арқылы аңғартады.

Ал “Жәкеңе” деген өлеңінде:

“Жүз жасаған Жамбыл қарт,

Сөзіңіз бар еді алтындай.

Тау суындай тасқындап,

Сөйледің топта тартынбай.

Күміс көмей дария,

Аққан жырың сарқылмай”, – деп Жамбыл жырының жігерлілігін, құдіреттілігін өлеңге қосады.

“Заманда қара түнек сол қараңғы,

Көтердің қолыңа ұстап жарық шамды.

Бақыттың алтын кілті ғылымда деп,

Үйреттің шыңға шық деп сан адамды.

Жыр сөзің алтын-ақық гауһар тасы,

Данышпан ой иесі, жыр бұлағы,

Туар-ақ, туса сендей ел данасы”, – деп Абайдың данышпандығын айтып өтеді.

Молдахмет Тырбиев айтыскер ақын ретінде өткен жылдардың қырқыншы және елуінші жылдары жарқырап көрінді, әсіресе, Қостанай өңірінен шыққан Нұрқан ақынмен екінші рет жүздесіп, әсерлі өлең өрнектеді.

Сол жолы Нұрқан ақын біздің облыста егіннің жиналмай жатқандығын өлеңге қосады. Оған ақын былай деп жауап береді:

“Нұрқаным, мақтан етпе құмдарыңды,

Құс қонбас құба жонды шыңдарыңды.

Екі етек егініңнен бидай алмай,

Жібердің желге ұшырып қырманыңды”.

Молдекең – суырыпсалма ақын. Ақын дауысы, әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдары ерекше екпінді естілді. Ол ауыл-ауылды аралап, халықты жеңіске жұмылдырған ән-жырларын жебедей боратты.

“Батырлар жүр майданда,

Толарсақтан қан кешіп.

Кездесейік соларға,

Еңбек етіп, “әу” десіп”.

Молдахмет, шын мәнінде, ауыз және жазба әдебиетін тең дәрежеде меңгерген ақын. Ол өмір сүрген дәуіріндегі өмір жаңалықтарын, соны тудыруға себепші болған еңбек адамдарын жырлауға құмар болды. Ал бұл қарт ақынның жасы ұлғайғанымен өмір талабын түсінгенін айқын көрсетеді.

Молдахмет Тырбиұлы ауыл өміріндегі жақсылықтар мен кемшіліктерді де назарынан тыс қалдырмады. Асыл мен жасықты, адам мен арамды күнілгері болжайтын. Сол ойын көпшілік ортасында бүкпесіз айтып, сақтандырып отыратын. Мына бір шумақтарды ақын шолақ белсенді болып жүрген ел ішіндегі пысықайларға арнаса керек.

“Шаш десе, бас алғандай,

Шекеңді сөзі жарғандай.

Қарсы келген адамды,

Ол жүре ме жалмамай,

Қашан асыра сілтейді,

Жамандықты тіркейді.

Колхозды сорып борсықтай,

Жұрттан оны бүркейді”.

Жасы ұлғайып, басын ақ қырау шалған шақта Молдахмет ақсақалдың артына өсиет болар ұлағатты сөздер қалдыруға тырысқаны байқалады. Өйткені, ақынның соңғы жылдардағы өлең-жырлары соған саяды.

Болашақ ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, өзінің көкейін кернеген ізгілік ой, ақыл-парасатын осы бағытқа арнайды. Айтысқа түскен сәттерінде де болашаққа тереңірек бойлап, өзінің хал-қадірінше келер заманның сәулеті мен дәулетін суреттеуге тырысады. Міне, Молдекеңнің бойындағы ақындық, адамгершілік қасиеттер осылайша көрініс табады.

Ақын Молдахмет Тырбиевтің әндері, жырлары туған елі – Қызылжар, Көкшетау өңірлерінде кеңінен танымал және есімі ел-жұртының жадында. Арқалы ақынның өмірі мен шығармашылығы әдебиетсүйер қауымға, қалың жұртшылыққа әлі де терең зерттеліп, зерделеніп ұсынылуда деп айта алмаймыз. Сондықтан жергілікті ғалымдар өнерлі тұлғаның беймәлім қырларын халыққа паш етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жанбай ҚАДЫРОВ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік

университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

Қадыров Ж. Дара дарын. / "Soltustik Qazaqstan". -№15.- 9 aqpan.- 2019 jyl.- 4 bet. 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий