Даналық даңғылында

6 февраля 2018 - Нугуманов Арсен

Қасиетті Қызылжар өлкесінен ғылым мен өнердің талай саңлақтары шыққан ғой. Кейбірінің есімдерін жерлестеріміз біле де бермейді, өйткені, олар - жас кезінен Алматыға аттанып, сол жақта бағы жанғандар. Солардың бірі - философия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру және Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі Дәуренбек Құсайынов.

Философия деген сөздің езі ежелгі грек тілінен аударғанда "даналықты сүю" дегенді білдіреді. Сол даналыққа құштар жандар біздің солтүстіктегі қандастарымыздың арасынан да аз шықпаған. Қазақтың алғашқы кәсіби философтарының бірі - Үмітбай Балхашов та біздің жерлесіміз. Ол Ұлттық ғылым академиясының философия секторын ұзақ жылдар басқарды. Алайда, осы ағамыз белгісіз себеппен докторлық түгілі, кандидаттық диссертация да қорғамаған. Ғылымның осы секторын өзі басқарып отырғанда оған ғылыми атақ алу қиын емес еді, бірақ "маркстік - лениндік философия" деген жалған тұжырымға негізделген ғылымға ол мойын қоймай, ғылыми атақ алуға асықпаған болар деп топшылаймыз...

Дәуренбек Құсайынов ғылым саласындағы еңбек жолын Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) 1986 жылы сабақ беруден бастап, содан 30 жылдан астам табан аудармай жалғастырып келеді. Қатардағы оқытушылықтан өз ісінің білікті маманы дәрежесін айқындайтын - профессорлық дәрежеге де осында жетті.

Дәуренбек Өмірбекұлы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Қараағаш ауылында 1958 жылдың 24 қаңтарында өмірге келген. Ауылдағы сегіз - жылдық мектепті бітірген соң Шағалалы ауылындағы кеңшар-техникумның агрономдық бөлімшесіне түседі. Ол кездегі оқу негізінен орысша еді ғой. Қазақ мектебін бітірген ауыл баласы болса да, қанында бар қайсарлықпен Дәуренбек курстастарынан қалмай, орыс тілін тез игеріп, оқу бағдарламасын да оңай еңсеріп кетеді. Техникумның қоғамдық жұмыстарына да, спорт секцияларына да белсене қатысып, әбден ысылады. 1977 жылы мамандық алып шыққанда, оның дипломында кілең жақсы бағалар болған.

Он тоғызға да тола қоймаған шағында ол Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Алқа ауылына агроном болып тағайындалады. Алайда, талабы зор жас жігіт агрономдық қызметте ауыл-аймақтың төңірегінде шектеліп, санасы күнделікті тірлік пен шаруашылықтың ісімен аса алмай қалатынын сезеді. Арабша хатқа жүйрік, көптеген әңгімелер мен қиссаларды жатқа айтып, сүйікті немересінің құлағына сіңіріп, олардың ұлағатын сезімтал жүрекке молынан дарытқан атасы Өмірзақ Құсайынұлының бауырында өскендіктен де шығар, Дәуренбектің қиял қанаты ерте күннен алысқа самғап, романтикаға бой ұрады.

Бұл жердің тұрғындарының көбі Арғынның Атығай тобынан тарайтындар, сондықтан ауылдың үлкендері өздерінің аталас туыстары Мағжанның өлеңдерін ұмытпай, оның сергек те сезімді жырларын, елге, жерге, ұлтқа деген шексіз махаббатын бәріне болмаса да, кейбір есті жастардың құлағына астыртын құя беретін. Соғыстан мүгедек болып оралған атасы Ленинград қаласын қорғап, Пулково асуларында шайқасқаны сияқты қызықты әңгімелерін айта отырып, оқ тиіп қиналған сәттерін, госпитальда елді сағынып, тарығып жатқан кездерін еске алғанда Мағжанның мұңлы жырларын ыңылдап бастап, ұзақ толғап кететін. Өмекеңнің боталаған кездері жас Дәуренбектің де сезім пернелерін шымырлатып, көзіне еріксіз жас әкелетін. Атасының көңілді сәттерінде сезімтал бала сағынышқа толы саздың кімдікі екенін сұрамай қала алмайтын. Сондайда Өмекең күрсіне отырып, өлеңнің Мағжандікі екенін, ал ақынның өзін Кеңес өкіметі жазықсыз атып тастағанын айтып, баланың көңіліне түрлі ойлар салатын...

Сондай тәрбиенің әсері болса керек, Дәуренбек қиялға беріліп, өлең де жазып көрмек болады. Бірақ өзінің білімі төмен, білігі аз екеніне көзі жетіп, Алматыға барып, оқуын жалғастыруды армандай бастайды.

Алайда, "үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады" деген емес пе, Дәуренбекті алда міндетті әскери борышы күтіп тұрған еді. Сөйтіп, Тынық мұхиты флотынан бірақ шыққан ол атомдық сүңгуір қайықта қызмет етеді. Бұл сүңгуір қайық кәдімгі ядролық зымырандар орналастырылған, Кеңес әскерінің ең қаһарлы қаруларының бірі болатын. Ол жағадан шыққан соң 7-8 ай бойы су астында болып, америкалық авиатасымалдағыш крейсердің соңынан су астында еріп, олардың барлық қимылына барлау жасап, әлемнің екінші қиырына дейін барып, одан әскери базаға қайта оралатын. Күндіз-түні бір тыным алмай жұмыс істеп тұратын аспап атаулының ыстығы онсыз да тар қапасты қапырық қылып, матрос атаулы қайықтың ішінде іш-киіммен ғана жүруге мәжбүр болатын. Шүмектей аққан тер басқа тамаққа зауқыңды соқтырмай, тек сусын іше бересің. Денсаулығы мықты болғанымен, кейбір жүйкесі жұқа жандар мұндай азапқа шыдай алмай да жататын. Олармен арнаулы психологтер жұмыс істеп, базаға жеткенше зорға ұстап, келесі сапарға шығармайтын.

Дәуренбек осы қиындықтарға қажымай төзіп, өзіне берілген міндетті мінсіз орындайды. Алдымен электр механигі сияқты қарапайым міндет жүктелген ол үш жылдың ішінде әбден төселіп, бөлімше командирі, старт командасының жетекшісі, одан кеменің бас старшинасы сияқты жауапты жұмыстарды атқаруға да қол жеткізеді. Болашағын ойлаған жас осында жүріп партия қатарына да өтіп алады. Қазіргі жастар біле бермейді, ал ол кезде КОКП қатарында болудың қызмет мансабындағы маңызы өте зор болатын. Қызмет түгіл оқуда болсаң да "қызыл билеті" бар студенттердің жалы күдірейіп тұратын.

Озық теңізшіден айрылғысы келмеген әскери флоттың басшылығы Дәуренбек қызмет мерзімін аяқтағанда, өздерінің жоғары оқу орындарына жолдама бермекші болады. Мұндай жолдамамен ЖОО-ға емтихансыз-ақ түсесің. Бірақ Дәуренбек әскери адам болуды қаламайтынын айтып, алғысын білдіріп, жеңілдіктен бас тартады. Есесіне Тынық мұхит флоты саяси басқармасының бастығы, вице-адмирал Г.Сабанеев жақсы мінездеме жазып, Қазақ мемлекеттік университетіне жолдама береді. Қарапайым матростың осындай құжатты қолға түсіргенінің өзінен Дәуренбектің еті тірі, алғыр жас екені көрініп тұр. Түйенің табанындай жалпақ мөрі бар бұл құжаттың нақты жеңілдігі болмаса да, бір қолдауға жарарлық күші бар-тын...

Ол жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде философия-экономикалық факультет (ФЭФ) деген болған. Оның басты бағыты философия мен саяси экономия пәндерінің оқытушыларын даярлауға, сонымен бірге идеологиялық жағынан терең білімді басшы қызметкерлерді, ғалымдарды қалыптастыруға жол ашатын. Қазақстан мен Кырғызстанда жалғыз факультет болғандықтан, оған қабылданатын 25 орынның бесеуі квотамен кырғыз еліне берілетін. Ал тағы бесеуін дайындық курсында оқығандар алып отырды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстан бойынша бір жылдағы үміткерлерден 15-ақ адам кабылданатын. Кеңес одағының идеологияға қатты көңіл бөлетіндігін содан біліңіз, мұндағы стипендия мөлшері де басқа факультеттерден әлдеқайда артық болатын.

Міне, Дәуренбек Құсайынов осы факультеттің дайындық курсына түсіп, 1981 жылы 23 жасында оның философия бөліміне студент болып қабылданады. Кілең басшы қызметкерлердің, атақты адамдардың, ғалымдар мен өнерпаздардың балалары ғана оқып жатқан осы факультетте сол жылдары солтүстікқазақстандық үш бала оқыды. Олар - Берік Құсайынов (марқұм), Дәуренбек Құсайынов (фамилиялары бір болғанымен, екеуінің туыстығы жоқ) және осы жолдардың авторы.

Дәукеңді сол кездерден жақсы біліп, достық қарым-қатынасымыз осы күнге дейін жалғасып келеді. Ақжарқын, аузын ашса жүрегі көрінеді дегендей, ақжарма Дәукең студенттік жылдарда да барынша белсенді, достыққа берік, жолдастыққа адал болды. Әрбір жатақханада студенттер кеңесі (студсовет) деген болатын еді ғой. Озат студент әрі партия мүшесі ретінде Дәуренбек үнемі сол кеңестің төрағалығына сайланатын. Өз арамызда шағын бұзақылықпен, ішімдік ішумен қолға түсіп қалған жолдастарымызға ол шырылдай болысып, оқудан шығартпай, алып қалатын. Студенттік құрылыс отрядына барғанда да ұйымдастырушылығымен көзге түсіп, ФЭФ-тің "Логос" атты отрядыныңтұрақты комиссары болып отырды.

1986 жылы ҚазМУ-ді жақсы бітірген соң, Дәукең жұрттың бәрінің Алматыда қалуға қолы жетпей жатқанда жоғарыда айтқанымыздай, Абай атындағы ҚазҰПУ-ге қызметке алынды. Оқытушылық жұмыс Дәукеңнің жан дүниесіне жақын, білгенін басқаға үйрету, шәкіртінің білімі мен біліктілігіне мәз болу - оның бала жасынан бойына сіңірген әдеті. Дәуренбектің әкесі Өмірбек Өмірзақұлы ақсақал да - барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұстаздық еткен жан. Петропавл педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген ол өмір бойы мамандығына адалдық танытып, зейнет жасына жеткенше ұстаз болған. 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген тоқсаннан асқан Өмекең қазір Есіл ауда- нындағы Заречный ауылында кенжесі Базарбектің қолында тұрады.

Дәуренбек Құсайынов 1995 жылы ақталған Алаш арыстарының бірі - "Жүсіпбек Аймауытовтың қоғамдық-саяси көзқарастары" деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын корғады. Жазушы, ойшыл, философ ағамыздың төте жазумен жарияланған барлык еңбектерін ақтара отырып, оның дүниетанымдық кырларын, философиялық көзқарастарын жас ғалым алғаш рет ғылыми тұрғыдан зерделеп, еңбегін жария етті. Әсіресе, "Мағжанның акындығы туралы" атты көлемді еңбегінің маңызын, акынның халыкшыл сипатын, даналык ойларын көрсетудегі автордың тереңдігін, көркемдігін жан-жакты талдаған. Дәуренбек Қусайыновтың осы еңбегін кейінгі аймауытовтанушылардың бәрі өздеріне айнымас бағдар ретінде кабылдап, оның маңызын жоғары бағалайды.

Дәукең осы еңбегінен кейін XX ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары мен олардың көзқарастарын зерттеуде тереңдей түсті. Сол жылдардағы халықтың қоғамдық дамуына, қалыптасқан дәстүрі мен қалыбына кереғар, эволюциялық жолмен емес, революциялық қырғынмен сырттан кірген саяси-әлеуметтік езгерістердің ұлттық сана-сезімге әсері, зиялы қауымның көзқарастары мен ұстанымының жаңаша қалыптасуы - міне, осының бәрі жас философтың алдына тартылған еселі сыбаға еді.

Дәуренбек Өмірбекұлы ғылыммен айналыса жүріп, ұстаздық қызметінен де қол үзген жоқ. Керісінше, өзінің алға қойған мақсаттарын талантты шәкірттерімен бөлісіп, олардың да осы мәселелерге көңіл бөліп, зерттеуіне жол ашты. Оның алғашқы шәкірттерінің бірі - елімізге танымал алаштанушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабек. Сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ҰПУ-дің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Жомарт Симтиков те Дәуренбек Құсайыновтың шәкірті екенін үнемі айтып жүреді.

"Ақыл жастан, асыл тастан" демей ме халқымыз, ұшқыр ойлы жас көмекшілерінің пікірлері мен ұсыныстары ғалымныһ көзқарастарын да ұштай түсетін. ҚазҰПУ-дегі доценттік міндетін атқара жүріп, Дәуренбек Құсайынов осы тақырыпта бірнеше еңбек жазып, оларды республикалық, халықаралық басылымдарға жариялады. Соның ішінде "Жүсіпбек Аймауытовтың рухани мұрасындағы адам және қоғам мәселелері" мен "Адам бол" - Что это значит?" атты монографияларын екі тілде қосалқы автормен бірлесіп шығарды.

2007 жылы Дәуренбек Өмірбекұлы ұзақ жылдарғы зерттеулерінің нәтижесіндей болған өзінің басты еңбегі - докторлық диссертациясын да табыспен қорғап шықты. Оның тақырыбы: "Қазақ демократиялық интеллигенциясы дүниетанымының мәдени-философиялық мәні мен маңызы" деп аталды. Алаш арыстарының дуниетанымдық көкжиегіне терең бойлаған бұл еңбекті еліміздің ғылыми қауымы жоғары бағалады. Осыдан кейін Дәуренбек Құсайынов ҚазАПУ-дің философия және ғылым әдіснамасы кафедрасына профессор болып сайланса, 2011 жылдан оның профессорлығы министрлік деңгейінде танылып, бүгінге дейін сол қызметті атқарып келеді. Сонымен бірге, Дәукең 2015 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының, ал былтыр Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып сайланды.

Қызмет бабында ол 1992 жылы Корей Республикасында, 1995 жылы Польшада, 2012 жылы Әзірбайжанда ғылыми тәлімдемеден өткен. Өзінің зерттеулерін шыңдап, сынақтан өткізу үшін 117 халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, бірнеше баяндама жасаған. 250-ден артық ғылыми еңбектерінің 50-ге жуығын Дәуренбек Құсайынов шетелдердің ғылыми басылымдарында жариялаған. Соның ішінде Германия, Польша, АҚШ, Чехия, Жапония, Франция, Түркия, ҚХР және т.б. елдерде шыққан ғылыми монографияларға енген. Екі ғылым кандидаты мен 10 магистрді дайындаған еңбегі де ғалымның еңбек жолының жарқын көріністері.

Дәуренбек Құсайыновтың "XX ғасырдың басындағы қазақ философиясы: мәдениет, әлеумет және саясат мәселелері" атты соңғы монографиясы 22 баспа табақ көлемінде жарық көрді. Ал оның "Қазақ философиясының тарихы" және "XX ғасырдың басындағы қазақ философиясы: ерекшеліктері мен нақыштары" атты оқулықтары жоғары оқу орындары студенттерінің қолдан түсірмей қолданатын құбылнамасы іспеттес. Сонымен бірге, Дәуренбек Құсайыновтың Ұлттық Ғылым академиясы мемлекеттік тапсырыспен дайындаған "Қазақ философиясының тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)" атты көлемді еңбектің "XX ғасырдағы қазақ философиясы" атты 4-ші томын әзірлеуге қатысқанын да айта кетуіміз керек.

Осынша еңбектердің авторы болған жерлесімізбен солтүстікқазақстандықтар қалай мақтансақ та болады. Дәукең үйіндегі жеңгеміз Зәуре Кәрімқызы да заң ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің ұлттық университеттерінде жоғары дәрежелі заңгерлер дайындау ісінде жемісті еңбек етіп жүр. Ұлдары Асқар - қаржы жүйесінің қызметкері.

Ата Жасы 60-қа толып отырған Кызылжар өңірінің қарымды азаматы Дәуренбек Құсайыновтың өмір жолы осындай. Оның алдағы уақытта да туған халқына берері мол, еліміздің ғылымына қосар жаңалығы көп боларына сенімдіміз.


САМРАТ Ж. Даналық даңғылында // Солтүстік Қазақстан. - 2018. - 25 қаңтар. - 9 Б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий