Баянсыз жауға шаппаған

21 января 2019 - Кабиева Р.

 Баян батыр деген кім? Қайдан шыққан батыр? Несімен даңқты? Бұл сұрақтарға қазіргі жастардың көпшілігі анық жауап бере алмайды. Ал ол – біздің жерлесіміз, әйгілі Абылай ханның хас батырларының бірі.

Оның шыққан тегі туралы қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Батыр Баян» поэмасында былай деп жазады:

Арқада бір өзенді дер Обаған,

Сол жерді аз ғана Уақ қоныс қылған.

Уақтың ерте күнде өжет қайсар

Ер Көкше, Ер Қосайдай ері болған.

Сол ері ерте күннің, ер Көкшенің

Нәсілінен қайтпас алмас Баян туған.

Баянның ер ағасы батыр Сары,

Қос қыран тізе қосып жауын қуған.

Айналып оны айт, мұны айт, Баянды айт,

Ер Баян Алашының бетін жуған.

Баян Қасаболатұлы 1714 жылы қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы кеңес өкіметі кезіндегі “Қарағанды” кеңшарына қарасты Аралағаш ауылында туған. Өкініштісі, бұл ауыл қазір жоқ, халқы кеңшардың орталығына көшкен. Баянның әкесі Қасаболат өте шебер зергер болған. Анасы Ажар Кіші жүз Байбақты руындағы атақты Сырым батырдың әкесі Даттың қарындасы, белгілі Шолан батырдың қызы екен. Баян Уақ руының Шоға тармағынан шыққан. Ол 14 жасында өзінің ағасы Сары батырға еріп соғыс жорықтарына қатыса бастаған. 17 жасында соғыс тәсілдерін меңгеріп, белгілі сардар (жүзбасы) болады.

ХVIII ғасырдың бірінші жартысы мен ортасы кезінде қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін болған ұрыстарда Баян ерекше ерлік көрсетіп, Абылай ханның сенімді серігі және бас батырларының бірі болады. Ол өз жігіттерінен құрылған үлкен қолмен жерлерін жаудан тазартуға қатысады. Батыр Баян, әсіресе, Тарбағатай тауларының етегінде болған сексен күндік Шорғы шайқасында және Аягөз маңында болған Ақшаулы ұрыстарында өзінің өжеттігі мен ерлігін көрсетті. Ол сыртқы жаулармен болған шайқастарда көрсеткен ерлігі мен қазақ жасақтарын басқарудағы жетістіктері үшін халық алғысына бөленді және қаншама жылдар бойы ақын-жыраулардың өлең-жырларында аталып отырды.

ХVIII ғасырдың батырларының бірі Тәтіқара ақын:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау шапқанда

Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын

Сары менен Баянды айт Уақтағы, – деп көп батырдың ішінен Сары менен Баянды ерекше атайды.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «ХVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи мағлұматтар» атты зерттеуінде бірде Абылай хан аз ғана жасағымен Қытайдың қалың қолынан шегініс жасауға мәжбүр болғанын айтып, Тәтіқара ақынның өлеңін келтіреді. Сол өлең мынау:

Кебеже қарын кең құрсақ,

Артық туған Абылай,

Көтере көр бұл істі.

Көп қытайдың жылқысы

Тұрымтайдай құнысты.

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда

Ер Абылай қорыққан жоқ

Әншейін еңкейе бере жылысты.

Бәсентиін Сырымбет

Оқ жіберіп ұрысты.

Ақыл қалмас қашқанда,

Дегбір қалмас сасқанда.

Баяндай ерді көрмессің

Бұрылып жауды шанышқанда.

 

Мұнда ақын Баянның шегініс кезіндегі қолданған тәсілін көрсетеді.

ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың 30-шы жылдары аралығында өмір сүрген Шәді төре Жәңгірұлы ақын өзінің «Тарихат» атты дастанында Абылай ханның бас батырларының ішінде Сары мен Баянды да атап өтеді:

Бар еді неше қилы батырлары,

Майданға бет-бетімен кірді бәрі.

Әлеке, Алтынсадақ деп айтылған

Әлібек, Найман Төлек ерлік қылған.

Шапырашты Наурызбай, табын Серке,

Қаракерей Қабанбай өңкей қыран.

Жаппастан Өтетілеу, Есет Тама

Бөгенбай Қанжығалы, Қантай және

Тарақты Көбек, Уақ Сары, Баян.

Қоныраттан Бәйтелі мен Жаманқара

Жалайыр Жәтен батыр, Қыпшақ Шорман.

Осындай батырлар бар мағлұмданған.

1943 жылы жарық көрген «Хан Абылай» атты поэмасында ақын Мәжит Айтбаев та Баян батырдың ерекше ерлігін атайды:

Хан орда мекен еткен Шыңғыс тауын.

Жиналды ел ұлдары, ел қорғаны

Жоймаққа ел шетіне келген жауын.

Ойқастап Қанжығалы Бөгенбай жүр,

Бой тастап Қаракесек Қазыбек тұр.

Бір өзі мыңға теңдес ер Баянның

Ойнауда бойында күш, көзінде нұр.

Баянның парасаттылығы мен ерлігін Абылай ханның өзі де жоғары бағалағанын Шоқан Уәлихановтың мына сөздері дәлелдейді: «Когда спросили у Аблая, кого он из батыров более уважает из всех трех орд, он ответил: «Из моих батыров басентиинец Малайсары по богатству, храбрости и по характеру и уаковец Баян по уму и храбрости стоит выше всех» (Ч.Ч. Валиханов. Собр. соч. в 5-ти томах. Т. 1. 1984. с. 2018).

Аңыз бойынша Абылай хан мен Баян батыр алғаш рет қалмақтармен болған бір шайқаста кездеседі. Ұрыстың қызуымен Абылай аз ғана топпен қалмақтардың қоршауында қалғанын байқамай қалады. Жау қоршауы тарыла түседі, енді болмаса қалмақтар қазақтарды таптап, ханды қолға түсіруге жақындап қалады. Сол кезде сарыала ат мінген бір батыр жолшыбай қалмақтарды оңнан да солдан қирата басып кіріп жол салып, қоршаудағы топты аман шығарып алады. Абылай хан қоршаудан шығып негізгі күштеріне қосылғаннан кейін қалмақтарды ойсырата жеңеді.

Жеңістен кейін Абылай хан сарыала атты батырды тауып әкелуге әмір береді. Оны тауып ханға алып келеді. Батырдың батылдығы мен табандылығы ханға қатты ұнайды. Сол кезден бастап хан Баянның батылдығы мен ақылдылығын талай рет байқап, оны жақсы көріп, бас батырларының қатарына қосады. Тіпті, онсыз ұрысты бастамайтын болады.

Даланың ұлы перзенті Баян батыр туралы көптеген аңыз, өлең, жырлар, дастандар шығарылған. Жоғарыда аталған ақындардан басқа белгілі ағартушы-ақын, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпеев және академик-этнограф Әлкей Марғұлан оның батырлығын жоғары бағалады. Батыр Баянның Отан қорғаудағы ерлігі жөнінде белгілі жазушылар Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында, Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» диалогиясында жазғаны мәлім.

Алайда, аты аңызға айналған батырдың ең жарқын бейнесін өзінің «Батыр Баян» поэмасында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жасады. Бұл поэманы жазғанда Мағжан 1904 жылы шығыстанушы ғалым Н.И. Веселовский құрастырып шығарған Шоқанның шығармалар жинағындағы материалдарды пайдаланса керек. Ақын поэмасына Баянның немере інісі Ноян мен тұтқынға түскен Құралай қыздың мөлдір махаббаты туралы сюжетті де енгізеді. Поэма сюжеті екі арнада дамиды. Бірі – Абылай хан, оның айналасындағы батырлар, олардың қалмақ шапқыншылығына қарсы күресі. Бұл бағыт ақындық шолу қалпында беріледі. Екінші арна – батыр Баянның қалмақтармен болған бір шайқаста жас қызды қолға түсіруі, оған ғашық болуы. Бірақ жас сұлу батыр Баянның немере інісі Ноянмен көңіл қосады. Екі ғашық жарастық табады да қыздың еліне қашады. Бір жағынан қызғаныш сезімі өртеп, екінші жағынан інісінің тұтқын қыздың соңынан жау еліне кеткеніне намыстан күйген батыр Баянның басындағы психологиялық күйзелісті, қатқабат құбылысты ақын ел намысы, махаббат, туыстық сезім, астастыра бейнелеген. Ноянның қызға еріп жау еліне кетуін Отанын сатқандық деп түсінген ағасы Сары батырдың тапсыруымен оларды қуа жөнеледі. Оларға Жолдыөзен деген жерде (қазіргі Аққайың ауданының аумағында) қуып жеткен батыр ашу үстінде екеуін де атып өлтіреді. Автор батырдың бұдан кейінгі психологиялық күйзелісін, кінәсіз екі жасты өлтіргендігіне қапаланып өзін-өзі кінәлағанын шынайы көрсетеді. Батыр олардың денесін бірге жерлегеннен кейін қатты қиналған қалпында ханның батырларды жинаған жеріне келеді де, қалмақтарға қарсы жорыққа аттанады.

Шындығында, мұның бәрі басқаша еді. Расында, тұтқын қызды Сары батырдың баласы Қыстаубай (поэмада Ноян) сүйген және онымен бірге Жоңғарияға қашқан. Баласының қылығына ыза болған әкесі Баян батырға қашқындарды қуып жетіп өлтіріп, оның дәлелі ретінде қан жұққан киімдерін алып келуді тапсырады. Бірақ Баян оларды өлтірмейді, қайта дұрыс жол сілтеп Қыстаубайдың нағашылары тұратын Кіші жүзге жібереді. Өзінің қашқындарды өлтіргенінің дәлелі ретінде өзі әдейі өлтірген тағы аңның қаны жағылған олардың сыртқы киімдерін әкеп Сары батырдың алдына тастайды. Қыстаубай сүйген қалыңдығымен аман-сау нағашыларына жетеді. Нағашылары екі жасты жылы қарсы алып, өздеріне оңаша отау үй тігіп беріп, ішіне қажетті жасауларын енгізіп, шаруашылығына ұстауға мал бөліп береді. Кейін Қыстаубай Кіші жүздің мықты да сыйлы батырының бірі болады. Балалары өсіп ержетеді. Соңынан, 130 жылдан кейін Қыстаубайдың ұрпақтары аталарының туған жері – Солтүстік Қазақстанға қайтып келеді. Қазір олардың ұрпақтары Жамбыл, Шал ақын аудандарында, Қызылжар қаласында, тағы басқа жерлерде тұрып жатыр. Солардың бірі облысымызға белгілі зейнеткер, бұрын ауыл шаруашылығында әртүрлі қызметте болған Уәлихан Қуанышев ақсақал. Бұл кісі көзі тірісінде Қыстаубай аталарының және оның кейінгі ұрпақтарының тарихын жастарға әңгімелеп айтып отыратын.

Поэмаға қайта оралсақ, Бурабайға жиналған батырлар мен билер Абылай ханның жауға қарсы шабуылға шығуға беретін әмірін көп тосады. Әбден шыдамы таусылған олар кешігудің себебін білу үшін Абылай ханға белгілі шешен Қанай биді жібереді. Бұл туралы поэмада былай жазылған:

Бәрі де ел қорғаған батыр, билер

Аттанбай тек жатудан таппай пайда:

«Жүрелік, жау басынар! деген сөзбен

Салады Қанай биді Абылайға.

Қанай би мен Абылайдың сұхбатын ақын былай өрбітеді:

Би Қанай «Бұ қалай?» деп бастағанда

Абылай сұрайды одан: «Баян қайда?»

«Қанайым, ойың удай, тілің шаян,

Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі

Баянның батырлығы алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян.

Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат

Баянсыз, қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай

Келмесе қандыбалақ батыр Баян!»

Поэмадағы ерекше шабытпен жырланған эпизод – Баянның қалмақтармен соңғы шайқасы. Алапат атыс-шабыс суреті, батырдың сол айқастағы қимылы, көз жұмар сәтіндегі Ноян мен тұтқын қызды есіне түсіруін бейнелейтін жолдар ешкімді бей-жай қалдырмайды. Осындай жан алысып, жан беріскен алапат айқаста Баян бастаған жүз кісіден құралатын шағын жасақтың қалмақтың мыңдаған жауынгерімен ерлік шайқасын ақын былай суреттейді:

Аз қазақ көп қалмаққа салды тойды,

Көк аспан қара түнек шаңға толды.

Алдаспан ажалменен бәсеке боп

Қанішер қайқы қара қанға тойды...

Қалың қол ортасында Батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен

Аузында көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алдаспанды сілтегенде

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.

Бірақ екі жақтың күші бірдей емес еді. Осы шайқаста Батыр Баян өзінің жүз жауынгерімен ерлікпен қаза табады.

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел жауын зерттеп, өрт боп,

тынбай жатқан

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!

 Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы өзі ақталғаннан кейін ғана оқырмандардың қолына тиді. Баян батырдың ұрпақтарының көпшілігі қазіргі кезде біздің облысымызда тұратынын жұртшылықтың бірсыпырасы білмеуі мүмкін. Батырдың ұрпақтарының біреуі, атап айтқанда, алтыншы ұрпағы Зейнолла Олжабаев кезінде бұрынғы Булаев, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында көп жыл жауапты қызметтерде болған, қазір зейнеткер, Қызылжар қаласында тұрады. Зекеңнің төрт ұлы мен қызы жеке-жеке үй болып отыр, немерелері баршылық. Баянның басқа ұрпақтары облыстың аудандарында, Алматы, Астана, Қызылжар, Көкшетау қалаларында тұрып жатыр. Осылай әйгілі батырдың ұрпақтары оның әулетінің өмірін жалғастыруда.

1993 жылы Мағжанның поэмасы бойынша “Батыр Баян” атты көркем фильм шықты (режиссері С.Тәуекелов), Булаево қаласындағы №1 орта мектепке батырдың есімі берілді. Бірақ мұндай ел қорғау жолында жан аямай күресіп шаһит болған батыр жерлесімізге бұдан басқа да құрмет көрсетсек, артық емес. Алматы мен Астанада тұратын бірсыпыра ғалымдар мен жазушылар, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы, «Асыл мұра» орталығы әйгілі жерлесіміз Баян батырдың есімімен Қызылжар қаласының бір көрнекті көшесін атауды сұрап қалалық әкімдікке ұсыныс жасаған болатын. Ономастика комиссиясы қаладағы Пархоменко көшесіне Баян батырдың есімін беруге келісіп, қалалық мәслихаттың шешімімен өзгертілді. Қаланың бір көшесін батыр Баян есімімен атау қазіргі және келешек ұрпаққа үлкен үлгі болып, олардың патриоттық сезімін көтеруге септігін тигізгені анық.

Біздің ендігі мақсатымыз Булаево қаласының атын Баян Батыр қаласы деп өзгертсе. Булаев деген қайраткер болмаған, кездейсоқ қойылған атау. Архив анықтамасымен дәлелденген.

Қайролла МҰҚАНОВ,

өлкетанушы.

Мұқанов Қ.Баянсыз жауға шаппаған/ Soltustik Qazaqstan. – 22қазан.- 2018 жыл.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий