Ақын мұрасы зерттеле береді.

3 января 2019 - Кабиева Р.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында халқының азаттығы жолында бар ғұмырын сарп еткен Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Алматыдағы Достық үйiнде “Ақынның рухани мұрасы” тақырыбында еске алу кешi өттi.

Шараны Алматы қаласы Достық үйiнiң жұмысын қамтамасыз ету қызметi жетекшiсiнiң орынбасары Нұрлан Мәуленов жүргiздi. Басқосу аясында этнология институтының жетекшi ғылыми қызметкерi, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев Мағжан ақынның қайраткерлiк ұстанымдары, саяси көзқарастарына қатысты әлi де беймәлiм деректердiң бар екендiгiн жеткiздi.

Бүгiнде мағжантану iлiмi қалыптасқандығына тоқталып, бұл игi iсте әдебиетшiлердiң, журналистер қауымының үлесi зор екендiгiн атап өткен Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигi, “Интеллект Орда” халықаралық әлеуметтiк-гуманитарлық зерттеулердi ықпалдастыру институтының бас директоры, профессор Саттар Мәжитов Мағжан мұрасы әлi де зерттеле бередi дедi. Ғалымның айтуынша, Мағжан 1938 жылы 9 наурызда, сонау Магадан жерiнде атылған деген деректер бар. Бiрақ iздестiру барысында Мағжан туралы нақты мәлiметтер табылмады. Ақын Қызылжарда, әлде Мәскеуде атылды ма, оны анықтау уақыт еншiсiнде.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұлт азаттығы жолында күрескен Мағжандай өзге де Алаш арыстары өмiрiнiң көптеген қырлары терең зерттеулердi қажет етедi. Ең маңыздысы осы арыстарымыздың, оның iшiнде Мағжанның жақындарын танып бiлу.

Ғалымдар Мағжанның Мәскеудегi өмiрiн толықтай талдап, әлi де тереңiне үңiлуi қажет. “Бiздер әлi күнге Мағжанның Мағжан екенiн көрсете алмай келемiз. Оның әдеби мұрасына қатысты салыстырмалы зерттеулер қажет. Бүгiнде Мағжанның туғанына 125 жыл толуы түркi елдерiнде аталып өтуде. Кiтаптары түрiк тiлiне аударылды. Әзiрге Мағжанның есiмi тек түркi әлемiнде ғана аталып келедi. Басқа кеңiстiкте Мағжан әлемi толыққанды ашылған жоқ”, – дедi Саттар Фазылұлы.

Мағжан мұрасын зерттеп, насихаттауда ғылыми кеңесшiсi Саттар Мәжитов, режиссёрi Инна Рудакова түсiрген “Махаббат нұры” және осы басқосу аясында таныстырылымы өткен “Мағжанның құпиясы” деректi фильмдерiнде қайраткер өмiрiнiң сан қилы кезеңдерi суреттелген. “Фильмдi түсiрудегi мақсат – қоғамға ой салу, Мағжан өмiрiн суреттеу арқылы ұлт тарихын көрсету”, – дейдi фильм авторлары.

Тарих және этнология институты тарапынан Достық үйiнiң кiтапханасына тарихи мазмұнды бiрқатар кiтап сыйға тартылды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ. 

Серікқызы Э. Ақын мұрасы зерттеле береді./ Soltustik Qazaqstan. – 20 qarasha.- 2018 jyl. - №139– 8 bet.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий