Ақан сері

3 сентября 2018 - Кабиева Р.

Ақын туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын.

Мағжан.

 

Ұшы, қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді. Соңғы 50-60 жыл ішінде алты алашқа атағы шыққан ақындарымыздың бірталайы сол Көкшетаудың маңайында туып-өскен. «Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай», екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері - осылардың бәрі сол күңіренген Көкшенің маңайында туып-өскен ақындар. Бұл ақындардың ішінде адамның іскерлігін алдымен өзіне аударатын - Ақан сері. Сөзінің сұлулығы, тереңдігімен демейміз, өмірінің сұлулығымен.

Ақынның өмірі - ертегі емір. Судай сұлу желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Сондықтан біз Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз.

Ақанның өмірі

 

Ақанның сүйегі - Орта жүз арғын ішінде қарауыл. Ұлы әкесі қарауылда - нар шөккен Жарқынбай. Жарқынбайдың бір ұл, тоғыз қызы болған. Ұлы Қорамсадан көпке дейін бала болмаған соң, Жарқынбай бәйбішесі һәм тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып Тәңіріден немере тілейді. Сол тілектің артынан жалғыз ұлы Қорамсаның қосағы Жаңыл жүкті болып, одан ұл туады. ұлдың атын Ақжігіт қояды. Біздің Ақанымыз осы. Ақан 1843 жылы Көкшетау қаласынан күнбатыс пен солтүстік әрелігіне қарай 70 шақырым жердегі Қоскөл деген жерде туған. Ақанның әкесі Қорамса бай, саудагер адам болған. Ол маңайда ол кезде ақша ұстаған қазақ сол Қорамса болды. Әрі малға бай болса, әрі ақша болса, әрине, Қорамса елге қадірлі болмақшы.

Ақан 13 жасқа келгенше Бұқардан оқып қайтқан Күнту деген бір молдадан сабақ оқып жүреді. Бірақ біраз ес кіре бастаған соң, молданың балдыр-батпағына зирек Ақанның көңілі толмайды. Сөйтіп, 13 жасында Ақан молдасымен бір шариғатқа таласып, «маған қарсы келдің» деп молдасы оны ұрған соң, «шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын» дейді де, оқуыменен қоштасып кете барады. Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген серілік өмірі басталады.

Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында - бұлғақтаған үкі, қолында - домбыра, аузында - ән... Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір ермегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қапады. Қалың қарауылдың қара кездері «Ақанның әні-ай!» деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді. Солай жүргенде Ақан бұрын атастырып қойған қалыңдығы Шомат қожаның қызы Бәтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады, Бәтимадан бір ұл, екі қызы болады. Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ серіліктің соңында жүрген Ақан Бәтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итті алады. Қалың қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады.  Тап сол кезде Ақанның қолына алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер көбей-қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан. Жабағы тай күнінде Құлагер кез келген жерде, күртік қар үстынде өлген маладй серейіп ұйықтай береді екен. Шөкетайдың ағасы Әбілторы сыншы Құлагерді тай күнінде тұлпар болады деп сынаған екен. Құлагер дөненінде қарауыл ішінде алдына қара салмай, сол Құлагерді Ақан сол күнде жүз сомға сатып алады. Бестісінде Құлагер Шабан асында дара келеді. алдына қара салмай, сол Құлагерді Ақан сол күнде жүз сомға сатып алады. Бестісінде Құлагер Шабан асында дара келеді.

Бұдан былай шетелдерге Ақан мен Құлагердің аты бірге шығады. Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында аузымен құс тістеген сан жүйріктерден озып жүреді. Арғын-алтай Аққошқар-Сайдалының (Сайдалысының) асында Құлагер 300 аттан жеке-дара келеді. Бірақ сол аста бір көңілсіз әңгіме болып қалады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны керіп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады.

Осылай Ақанның атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйытқыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, қарауыл Тіналы қажының қызы Ұрқия сұлуға өз әнімен өлең шығара бастап, сол Ұрқияны алып қашады. Бірақ жаны сүйіп алған жары Ақанмен ұзақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден қайтады. Жаның сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке орала бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамалады. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді. Енді айналып иілгенде Ақтоқтының ұзатқалы жатқан шағы болады. Ақтоқты өкпесін айтып, разы еместігін білдіреді. Ақан қалай да Ақтоқтыны алмақ болады. Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен, қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Ақан сықақ қылып улы өлеңдер шығарады:

Бәрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа,

Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдан артық Құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа... - деп, мысқыл қылады Ақан. Бірақ өкпесі күшті

Ақтоқты бұрылмайды. Ақан танысып келе жатқан қызды жалғыз өзі Құлагерімен алып қашады. Қыз қалайда разы болмайтындығын айтқан соң, алдында келе жатқан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді:

Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,

Бал бердің талай жерде тіліңменен.

Басыңды Сарымида кесіп алып,

Өмірімше даулассамшы құныңменен...

Дарияның қайраңындай қалқа бала,

Зарланып ән шырқаймын уайымменен, - деп ашулы зар шығарады Ақан. Ақан енді көңілін мал да болса, жолбарыстай қолындағы Құлагерімен (тағы) астан  асқа алып жүріп отырады. Ұрқия, Ақтоқты уақиғасына бір жыл шамасы болғанда, керей Сағынайдың асы болады. Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлдененнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиылған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп Құлагерінің, сандал- керінің, еркесі, үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді. "Әлдеқайдағы Ерейменге неге алып келдім? Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау! Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркекерім", - деп өкінеді. Керейдің игі жақсыларының өздері келіп көңіл айтып, қол қусырып ауылға шақырғандарына жұбанбай, бармай, күңіреніп, бір күн, бір түн далада өлген еркесінің басында отырады. Сол отырғанда өзі мен сандалкеріне өлең шығарады:

Жануар Құлагерім қолдан кетті.

Дұшпанның қастығынан қаза жетті.

Қаржасбоп, қанжығалы, керей, алтай,

Қуандық, Сүйіндікбоп намысетті.

Тамам жұрт көтермекке аттанғанда,

Алдынан қарсы бармай маған нетті?

Жиыннан жеке келген тұлпарым-ай,

Үмітсіз қандай дұшпан қағып өтті.

Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,

Суырылып топтан озған жүйрігім-ай.

Жеріне Ерейменнің, айдап келген

Тәңірінің айналайын бұйрығын-ай... -деп күңіренеді Ақан1

1 іі^ 1 гл 1.1 гіг-о и

Жараға жара қосылып, ауыр қасіретпен Ақан еліне қайтады. Тағдыр шіркін тас бауыр ғой, тап сол жылы Ақанның алғыр қыраны - Қараторғай һәм Базарала тазысы өледі. Қазақ: "Ержігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылдыр қаққан судың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады", - дейді екен. Енді Ақанға өмірде жұбанарлық не қалды?.. Жан сүйген жары Ұрқиядан өлі айырылған, “талай жерде тіліменен бал берген Ақтоқтысынан  тірі айырылған, тұлпарын көмген, сұңқары мен құмайы өлген, енді не қалды? Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды. Удан ащы қасірет қалды. Жасы да отыздың ішіне кіріп қалған. Өмірдің жайнаған гүлін көріп  келген Ақан өз емірінің бықсып-күйіп күлге айналғанын көре бастайды...

Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұқардан оқып қайтып, Кекшетауда дәріс айтып тұрған, белгілі Науан қазіретке анда-санда барып, сабақ алады. Дінге, сопылыққа беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазартуға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлайтын Ақан сопылықпен жан тазарту жайын жырлай бастайды. Бірақ сүйегіне біткен серілік серіліп кетпейді. Бәлки, серіліктері жұртқа жат, ұғымсыз түрге кіріседі. Ақанда мынадай кенет ірі өзгеріс керген соң, ел күңкіл қыла бастайды. Күң- кілдің түбі Ақанға пері иеленіпті деген сезге айналады. Шынында, Ақанның кұлқының, істерінің жай адамның құлық-істеріне үйлес- пеуі мұндай сездерді еріксіз шығаратындай.

Жаз шығып, жан-жануар қыбырлап, қалың ел қайта жайлауға көшкенде, Ақан са- қау баласымен Қоскелдің сыртындағы - Сарыкөлдің жағасындағы ағаш үйде жалғыз қалады. Қалың қамысты кел. Қою қалың, иесіз қыстау. Ақан. Тілсіз бала. Түн болады. Жел шығады. Қою қамыс зуылдайды, сықыр-сықыр қалың қайың шайқалады. Иесіз үй күңіренеді, үй ішінде Ақан күңіренеді. Са- қау балада үн жоқ. Екі көзі жаудырап Ақанға қарайды да отырады... Күндіз де сол...

Ішуге де, дәретке де суды Сарыкөлден ғана алады. Сарыкөлдің суына тірі тышқан түсірмейді. Мінген атын да суармайды. Мал келе жатса, алдынан шығып айдап жібереді. Ақан анда-санда жайлаудағы елді аралайды. Астындағы - жүзіктің көзінен өткендей жаратып тастаған бедеу. Екі жағында - екі сұлу ат. Қайда барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерін сүйеп тұрады. Ақанның өзінен басқа тірі жанды маңдарына жолатпайды. Өздері - туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан аттанарда келеді. Ақан кез келген ауылға түсе де бермейді. Қалың қарауылдың ішінде өзінің таңдап алған белгілі ордалары бар. Сол ордаларға ғана түсіп, солардың ғана асын ішіп, солардыңғана төсегіне жатады. Болмаса қазы-қартаға бөлеп қойса да, кез келген үйге түспейді Ақан. Түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғында кір, қыл қөрсе, яки сол үйдің әйелінің бір былықтығын байқап қалса, пісіп тұрған дәмді тастап, рұқсаталып, аттанып кете барады.

Киімі кір адаммен отырғанда, тізелесіп те отырмайды. Төсегі кірлеу үй болса, үйге жатпай, далаға жатады. Жаз болса, көлдің жағасына барып, қыс болса, үюлі шөптің ішіне барып, кейде Алланы аузынан тастамай, басын сәждеден көтермейтін болады. Жанды дінмен тазарту керек дейді. Ал енді кейде Алланы ұмытқандай болып, дінін, намаз, оразасын - бәрін қойып кетеді. Күні- түні күңіреніп өлең жазады, ән шығарады. Далада болсын, ауылдың жанында болсын, өзінің зарлы сарынымен ән шырқайды.

Ақанның осы мінездерінің, осы істерінің бәрі жат, бәрі жұмбақ, бәрі ұғымсыз, ел не деуге де білмей қалады. Жынды деп-ақ қояр еді, қалың қарауылда Ақаннан есті, Ақаннан шешен, Ақаннан көсем кім бар? Ермін деген ерлер шеше алмаған түйінді Ақан шешеді. Екі жақсы бас қосса, сөзді Ақан бастайды. Қандай ұшынған дау болса да Ақан бітіреді. Ендеше, Ақан - жынды емес. Оған мұсылман перісі иеленген болар дейді жұрт. Күн- күн сайын осы сез өседі.

Бастап еміс-еміс боп, өлімсіреп туған өсек, барған сайын бойы есіп, бұғанасы қатып дәуірлей береді... Ақан. Ерейменде Құлагердің басында түнеп отырғанда, таң алдында салқыншалау жел шығады. Ақан тоңазығандай болады, шерлі Ақан күңіреніп отыра береді. Сол арада болар-болмас қобыздың қылын, домбыраның ішегін шерткендей нәзік мұңды дауыс жан-жаққа жайылғандай болады. Әлгідей болмайды, жорғалаған желдің ішінен жібектей судырлап, талдай бұраңдаған, жүзіне кәдімгі айдың нұрындағы нұр төгілген бір әйел шыға келеді. Ол келген мұсылман перісінің ханының қызы екен. Адамзаттың еркесі Ақан сері қалың шерге душар болған соң, ханның қызы ерке сұлу Ақанды жұбату үшін желге мініп, ұшып келген екен. Келіп жұбатады... Сол күннен былай Ақан мен пері күндіз айырылып, түнде қосылатын болады... Жоқ, пері Ақанға Ерейменде иеленген емес. Періге иелену Ақанның тұқымында бар екен.

 

Мағжан Жұмабаев

(Жалғасы бар)

1 Ертеңінде Құлагердің басын кәдімгідей көбіндеп жерге көмеді. (М.Жұмабаевтың ескертпесі)

 

Жұмабаев М. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan.- 63-64.-31.05.2018.-5б.

 

 

 Жалғасы

 

Олардың қонысы - Қоскөлдің өзі ежелден перінің мекені екен. Марқұм Қорамсаның өзі перімен айналысқан адам екен. Қорамсаның өзі де бірнеше күндеп, айлап ешкімге тіл қатпай, үйден шықпай, бұқбанау жасап, аулақ отырып алатыны бар екен. Сол уақытта оның пері жары келеді екен. Ақанға пері қызын қосқан оның пері шешесінің өзі екен. Осылардың бәрі құр «екен» ғана емес, ап- анық нәрсе, көзбен көргенде кісі бар...

Шұңғырша қарауыл Әбіш деген жігіт күзді күні шөп шапқалы қыстауға барып, іңірде шошалада балта қайрап отырады. Ортада от бықсып жатады. Шошаланың іші қара көлеңке. Бір мезгілде жел шыққандай, қыстаудың желкесіндегі қалың қайыңның жапырақтары сыбдырлағандай, қораның төбесіне жапқан қамыстар судырлағандай, сырғауылдар сықырлағандай болады. Желмен ашылғандай ақырын ғана есік ашылып кетеді. Үйге үш әйел кіреді. Алдыңғысы денелі, ұлғайған бір бәйбіше; екіншісі - орта жастағы әйел; үшіншісі - талдай нәзік, талдырмаш бір қыз. Үшеуінің де жүзінен сорғалаған сәуле төгіліп тұрғандай. Киімдеріне көз тоқтамайды. Үшеуі де қолдарымен жүздерін тасалай бергендей. Келіп босағаға отырысады. Әбіш қалтырап, тоңғандай, тісі сақылдап «құлқуалланы» оқи бастайды. Мұсылман пері Құраннан қаша ма, үш әйел отыра береді. Біраздан кейін бәйбіше сары іңгендей ыңыранып сөз бастайды. «Шырағым, Әбіш, танымаған соң, сен бізді жатсынып отырған шығарсың. Мен - Қорамса атаң үйіңдегі шешеңмін. Мынау - Ақан ағаң үйіңдегі жеңгең, анау- менің кіші балам еді. Таза жүретін, мұсылман адамға беруге ойым бар еді. Үй-ішіміз болып сені ұнатысып, саған қосқалы келіп отырмын», - дейді. Бәйбіше соңғы сөздерін айтқанда, сұлу қыз қағынған аққудай күлімдеп, керіліп қояды. Әбіште құт жоқ, зәре жоқ. «Әлхямді құлқуалладан» қайран болмаған соң, Әбіш жан дәрмен тізесінің астында жатқан балтаны ала ұмтылады. Сол уақытта үш әйел күбір-күбір сөйлескендей болып, судырап үйден шыға жөнеледі. Әбіш оттың басында талып қалады. Есін жиған соң, ауылына қайтып, ауруға айналып, өмір бойы шала естілеу болып қалады...

Жоқ, жалғыз Әбіш емес, басқа да көрушілер болған. Ақанның қыстауының сыртындағы тоғайдан өткенде перілердің шулап, сақ-сақ күліп, ойнап жатқанын талайлар-ақ естіген. Шөбектің немересі Жаналы мырзаға да сол перілердің біреуі қара мысық болып келіпті-міс деседі. Бұл «еміс-емісті» қоя тұрып, Ақан ұйықтап жатқанда алысырақ тұрып қараса, әркім-ақ оның перімен жатқанын көруге болады. Ақан жатқанда көрпенің астында ылғи екеу болып жатадыекен...

Міне, Ақан қырыққа аяқ басқанда, сұлулықтың асығы Ақан жарынан, тұлпарынан, сұңқарынан айырылғанда, өмір айдынында ән салып жүзіп бара жатқан қу қанатынан қайырылғанда, Ақанның жүйрік жаны ой дариясына шомып, сұлулығы жоқ былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай, оны алып барып періге байлайды. Бірақ халық соқыр сезімімен кешегі ерке серісі - Ақанның сұлу тұрмысына кір жаққысы келмей, жанды затты сұлу періге апарып қосады. Жұмбақ та сұлу; таппаса да, шешпесе де сұлу.

Дұрыс, Ақанға пері иеленіпті деген сөзді әдейі таратушы, өлімсіреп туған өсекке әдейі жан беруші, жел берушілер де болған. Әсіресе, «қалың қарауылдың қыдыр орнаған ордасы» - Шөбек балалары. Перғауынсыз Мұса бола ма? Бірақ Мұсаның өзі перғауынға соқтықпаса, тиер ме еді? Тағы бірақ маңайындағы перғауындарға соқтықпаса, Мұса болар ма еді? Қарауылдың сөз білем деген ерлерін, әсіресе, көршісі - Шөбек балаларын Ақанға қас қылған - улы тілі. Шынында, Ақанның тіліндей улы тіл сирек болар. Тиген жерін удай ойып жібереді-ау! Ақан бір жерде отырып, Шөбек немерелері туралы мына өлеңді айтады:

Тас мұрынды - Бегалы,

Сартоқалы Сердалы,

Іскен басы-Сералы,

Қотыр ауыз Мұқанәлі,

Көнтек ауыз Нұралы,

 Бос сопағы –Баялы,

 Ералы, Жаналы, Сайдалы-

 Сауытбектің сарала иті сықылды,

 Еңенді ұрайынның балалары...

 Боқтыбай айтқандай пәлі-пәлі... 1

 Мынадай сөзді естіп отырып, Шөбектің көп баласы қалай намыстанбас, қалай Ақанды қорлап, өсек таратпас?...

Қысқасы, Ақан туралы өсектің тарап кетуіне алдымен оның мінезінің жаттығы себеп болса, екіншіден, оның ащы тілі де қосымша болған. Қалайда, қазақ баласының шешені, сөз тапқыры Ақанға ешкім - досы да, қасы да - бетіне келіп, ісің жат-ау, саған пері иеленіпті деген сөз бар деп айтуға бата алмаған. Достары түгіл, қастары да алдында «Ақан аға» деп жорғалайды екен.

Осылай жұмбақ өмірмен Ақан елуге таялып келе жатады. Сұлу өмір жарқ етіп, нажағайдай өте шыққан. Өткен күн қиял туғызған ертегі сықылды. Көп ішінде көпке ұқсамайтын бір өзі, көп ішінде жалғыз. Қалың қарауылдың ішінде жанын ұққан жан жоқ. Жұбатарлық досы жоқ, жаралы жанын жазарлық жары жоқ. Әлдеқайда бетпақ шөл, бетпақ шөлде жалғыз жол. Сол жолменен жалғыз жан табанын тасқа тілдіріп, маң- дайын күнге күйдіріп кетіп бара жатқандай. Қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын, не үшін бара жатқанын өзі білмейді. Тілек жоқ, үміт жоқ, мақсат жоқ. Түннен қараңғы, қорғасыннан ауыр ой ғана бар.

Осындай күйде келе жатқан Ақан кәріліктің босағасынан бұрылып кетіп, қайтадан өмірдің сұлу жолына түспек болады. Оймен ойланып семген қайғының қары қарып сөнген жүрек тағы тіріле бастайды. Елу жыл жасап, талай күйіп күл болған, талай талып есін жиған жүрек тағы отқа, махаббатқа, жарға ұмтыла бастайды.

Махаббат іздеп тағы аласұрып, шарқ ұрады. Қанды кез қыран қияға қонып, қиянға қарай бастайды. Ол күнде қалың қарауылдың ішінде аты ауыздан түспейтін үш ару бар. Шөбектің немересі Ұрқия, аға сұлтан Шыңғыстың немере қарындасы, Абылай тұқымынан Жүсіп төренің қызы - Жамал. Сұлулыққа қырағы Ақан үш сұлуды қиядан көреді де, қанатын қағынады. Жүйрік жүрек үш аруға да шеңгел салғысы келеді. Үзілген үміт жалғанғандай болып, Ақан тағы махаббатты жырлай бастайды. Үш аруға «Үш тоты» деп ат қойып, өлең шығарады, Бірақ бір нәрсеге байланбай журек тұра алмақ емес. Біраздан Ақан уш арудың біреуіне ауа бастайды. Ол ауғаны - Жамал. Жамал он алты жаста-ақ. Жібек желден жаратылғандай ару, Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан. Қалайда Ақан Жамалды осылай сипаттайды. Осы жас Жамалға Ақанның жүрегі байлана береді. Жүйрік жүрек бір бастаса, не сүйіп қосылмай, не қосыла алмай күйіп, күлден кебін кимей тоқтай ма, Ақан бара- бара жас Жамалды біржола берік сүйеді. «Үш тотының» Ішінен «қалқа бала» деп Жамалды бөліп алады. Бұл сүйгенін:

Қыздарды мен не қылам қылам-сылам?

Қалайша ғашық отқа сабыр қылам?

Жаңартқан өмірімді калқа бала,

Басы - жым, ортасы - мим, аяғы - ләм, - деп жұртқа әзі жария қылады. КІрсіз махаббат көптің көңілін не қылсын?!

Ендеше, Ұрқияны сүйген Ақанның Ұрқия өліп, көп жыл өткен соң Жамалды сүюінде де ешбір таң нәрсе жоқ. Кім біледі, Ақан жас Жамалда тіріліп келген Ұрқияны көрген шығар... Қалайда, Ақанның Жамалды сүюі барған сайын арта береді. Жасы елуден асып, кәрілікке барып қалған Ақан іштен сүйіп, іштен күйеді. Бастап сырттан өлең шығарып жүргені болмаса, Жамалдың өзіне білдірмейді. Екі жастың арасы қыс пен жаздай болған соң, бұл сүюдің пайдасыз екенін ойлап күйінеді. Жамал жүректі құр өрттейтін әйел болып туғанша, ұл болып неге тумады екен деп назаланады.

Тал бойың Құлагердің сағағындай,

Тамағың піскен алма сабағындай.

Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,

Иегің ителгінің тамағындай.

Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,

Айдынның аққайраны, шабағындай.

Осынша жүрегімді жандырғанша

Ұл боп тусаң не етеді, қарағым-ай?.. - дейді Ақан. БІрақ қалың оттай жүректө заулаған махаббат сыртқа шықпай тұра алмайды. Дүниеде күшті нәрсе екеу-ақ қой: өлім һәм махаббат. Адам өзгені айналып өтсе дө, өлім мен махаббатты айналып өте алмақ емес. Ақан өзін қанша тыймақшы болса да, сол күшті махаббаттың күйдіруімен өзіне-өзі ие бола алмай, сүйгенін ақыры Жамалға білдіреді:

Бұраң бел,жазық маңдай, сүмбілден шаш,

Тартылған бойың сымдай, қиылған қас.

Ақ жүзің түстік жерден көрінөді,

Секілді жарқырайсың бриллиант тас.

Сипатың жұмақтағы Хорылғайын,  

Көрген жан жамалыңа болады мас.

Сайраған қапастағы тоты құссың,

Білмейді кәдіріңді бұл күнгі жас.

  Айтуға тура туйреп жасың кіші,

  Сыртыңнан иемдеймін, ей, қарындас.

  Тау-тасты шабыт қылған ақиықпын,

  Болмайды сені ойласам ішкенім ас.

  Жорытқан түс секілді жіберейін,

  Бұл сөздің пайымын біл де, түндігін аш...

  Алдына далбай тастап шырғаладым,

  Шабытқа келе алмасаң, қылғаның қас, - деп жазады Ақан. Бір ғана емес, көп жазады. Желдей екпінді албырт жастай, өрт болып жанған жүректен шыққан жалынды өлеңдер жазады. Бірақ қанша есті болғанымен, жас Жамал Ақанның жанын қайдан ұға алсын?! Оның сүттен таза махаббатына қайдан баға бере алсын? Кім білөді, баға берген де шығар-ау, бірақ жұрттың сөзін аттап өтіп, өлуден асқан адаммен қалай өмірін қоса алсын. «Қара қазақтың, жабайы адамның қызы болса, бір сәрі. Жүсіп төренің қызы мұны істесе, төренің сүйегіне біткен таңба емес пе?». Қалайда, Жамал Ақанға жылы жауап бермейді. Жамалдың бұл мінезі Ақанның өзегін тіпті өртейді. Махаббаты бұрынғыдан мың есе күшейеді. Ақан Жамал маған жылы жауап бермеген екен дөп, өкпелеп, ғашықтығын тоқтатпайды. Шынында, ғашықтық деген алып-салмалы қолдағы нәрсе емес қой. Жамалдың сүюін білдірмеуіне көзі жеткөн соң, Ақан іштен сүйіп, іштен күюгө айналады. Күн-түн күңіреніп өлең шығарады. Ән шығарады. Ақанның Жамалға қатты ғашық екендігі, оған арнап ылғи өлең, ән шығаратындығы, Жамалдың ол ғашықтыққа ілтифат қылмауы жұртқа жайылып кетеді. Замандастары ұшырасқан жерде мысқыл қылыңқырайды. «Ақан-ау, қыз саған мойнын бұрмайды, осы ғашықтықтан не пайда?» - деседі екен.

Осындай сөздерге Ақан: «Менің ғашық болуым үшін оның ғашық болуы шарт па екен, ғашықтық бір нәрсеге байланып жүре ме екен?» - дейді екен. Ғашықтықтгы дұрыс ұғу деген осы болады ғой. Не керек, жоғалтқан тәңірісін кәрілік босағасында қайта тапқан Ақан, сол тәңірге таза ниетті құл болып табынуға арланбайды, қажымайды. Сүюден-күюден, күндіз-түні күңіреніп махаббатты толғаудан талмайды. Барған сайын махаббат тереңдей берді. Сөйтіп жүргенде жас Жамалдың ұзатылатын шағы болып қалады. Жамал ұзатылады. Алыстан көрінсе де, көңілге медеу болып жүрген Жамал енді жоғалады. Мал берген жабайы күйеу сұлу Жамалды меншіктеп алуға келген. Жамал танысып жүр, айдынның дөңіндегі ауылда ойын-той, айдынның қара толқындары арасында қанаты сынып, құс төресі - аққу отыр. Аққу әлдеқайда алыста алтын сәулө көреді. Ескі күші есіне түсіп ұмтылады, қағынады. Көтеріліп кетуге дәрмен жоқ. Жырлайды да, жылайды; жылайды да, жырлайды. Алыстағы алтын сәуле оған ілтифат қылмай, созылып, күлімдеп өз жолына бара жатыр. Соңғы минут, сәуле жоғалып барады. Тұңғиық айдын. Құтырған толқын. Жаралы аққу. Қалған барлық күшін жиып ұмтылады, пайда жоқ, толқын күшейгендей. Хал біткендей. Сәулө сөніп бара жатыр. Енді Аққудың аузынан жыр төгіледі. Мұңды үн құйылады: өлім менен өмірдің үні. Үзіліп бара жатқан жүректің жыры... Жамал ұзатылардағы Ақанның шығарған «Сырымбет» әні - сол өліп бара жатқан құс төресі аққудың әні. Біздің зарлы әндеріміз көп. Бірақ «Сырымбеттей» терең зарлы ән сирек болар. Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол «Сырымбетке» жиналғандай. Жамал ұзатылатын күндерде Ақан күндіз-түні күңіреніп «Сырымбетін» шырқайды да жүреді. Ақан түндерде «Сырымбетті» шырқағанда, кім ғана жыламаған, қалың қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жылаған, әсіресе, нәзік жанды жас. Жамал жылаған.

Ауылың қойған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

А-а-а-ау, сәулем!

Қарындас-ау, енді есен бол...

Бидайыққа лайық қалқа бала,

Бөктергіге қор болып барасыңда...

Ауылың қонған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

Дариға, қайрылмадың, қалқа бала,

Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...

Алтын қайық жарасар күймесімен,

Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен.

Қоскөл жаққа таныса киіп барған

Бешпетіңді бер, қалқа, түймесімен.

А-а-а...сәулем.

Қарындас-ау, енді есен бол...

Сырымбет тауы - Жамалдың әкесі Жүсіп төренің қонысы. Ақанның Жамалға ғашықтығын жүйрік жүректің соңғы соғылуы, «Сырымбетті» Ақан жырларының ең соңғы сұлу жыры деуге болады. Жамал ұзатылған соң, Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Ақанның мұңды соңғы өмірі гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бұрынғы жат мінездері, тіпті, жат, ұғымсыз түрге кірөді. Бірақ дариға, жүйрік жүректің қайғымен жылынып, сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?!

Ақан алпыстан асқан кезде казақ даласында қара шекпендердің қаптап келіп жатқанын айқын көріп, жақсы жерінен айырылған соң, елдің кедей болғандығын, елдің алды қараңғы екендігін жырлай бастайды. Әсіресе, қарашекпендер Ақанның атамекені Қоскөлдің желкесіндегі Сарыкөлге қол салғанда, Ақан ылғи жүректен шығатын жырларымен қазақтың жерін жоқтай бастайды. Ақанның соңғы өмірі жырмен жер жоқтауға, Сарыкөлді іздеуге жұмсалған деуге болады. Бірақ қанша ізденсе де, Көкшетау мен Қоскөлдің арасын жүре-жүре жол қылса да, Сарыкөлді өзіне қалдыра алмаған, Сарыкөлге мұжық қаласы түскен. Туған жері мұжыққа кеткен соң, Ақан 50 шақырым жердегі СасықкөлдегІ бір күйеуіне көшіп барады. Сол күйеуінің қолында алты Алашқа аты шыққан Ақан сері сұлу жырларымен, зарлы әндерімен, әсіресе, басқа адамға үйлеспейтін жат мінездерімен аты шыққан Ақан ауырып, жетпіс жасында, 1913 жылы дүниеден қайтады. Сөйтіп, аласұрған ұшқыр жан, шарқ ұрған жүрек, жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді ірі жүрек, сұлулық іздеп, өмір бойы от болып заулап жанған жүрек мәңгі мұзға айналады...

Ақанның жат мінездерін, өмір бойы тәңірі көріп сұлулыққа табынуын көз алдыма алып келсем, менің есіме Англияның ақыны Оскар Уайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілігі үшін абақтыға жапқан... Ақан да сұлулыққа табынған. Алты Алаштан сері деген ат алған... Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақанның өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі-мұң мен зар. Сол сұлулыққа табынудан туған мұң мен зар.

 

Мағжан Жұмабаев

(Жалғасы бар)

1 Боқтыбай – екі сөздің бірінде «пәлі-пәлі» деп отыратын бір шал екені. (М.Жұмабаевтың ескертпесі)

 

Жұмабаев М. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan.- 66.-05.06.2018.-5б.

 

 

 Жалғасы

 

Егер Ақан Оскар Уайльдтай өнерлі елдің ішінде туса... бұл тілекке жауап табу қиын. Мұндай тілекке жауап іздей бастасаң, еліңнің заулаған оттай баяғысы, қап-қара түндей кешегісі, жалпылдаған жындай бүгінгісі, қара тұман келешегі көз алдыңа келіп, Ереймен тауының бауырында өлген Құлагердің басын кұшақтап күңіреніп отырған Ақан серінің қасіретіндей жаныңды терең қасірет билеп алып кетеді...

Сөздері

 

 

«Ақан серінің сөзінен өмірі сұлу», - деп біз Ақанның өмірін жазған мақалада ескерткенбіз. Алайда, оқушыға Ақан туралы аз ба, көп пе, қоғамдық ұғым беру үшін Ақанның сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді керек деп білдік.

Тағы бір ескертетін нәрсе - біздің қолымызға Ақанның барлық өлеңдері түскен жоқ. 1922 жылы жаз бірер ай әдейі Ақанның сөздерін жинамақ үшін Көкшетау оязын арала- ғанымызда, Ақан өлеңдерінің қорлы болып жиналған жерін ұшырата алмадық. Әркімнің аузынан бір-екі ауыздан жиюға тура келді. Жалғыз-ақ Шыңғысұлы Қоқыш ақсақал мен Самыратұлы Қазыдан біраз жазылған өлеңдер ала алдық. (Қазының айтуына қарағанда, бұл өлеңдердің бірталайы Ақанның өз қолымен жазылған болса керек). Сонда да қолымызда Ақанның 3-4 жүз ауыздай өлеңі бар. Аз да болса, осы өлеңдері бойынша оның ақындығын шолмақпыз.

Жалпы жолға қарсы болса да, Ақанның сөздерін мағына жағынан тексермес бұрын, біз Ақанның тілінен бастамақшымыз. Бұған себеп - Ақанның тілінің таза еместігі. Қазақ ақыны Ақанның қазақ тіліне араб, парсы, орыс сөздері көп кіріп кеткен. Оның мағына жағынан, әсіресе, сурет жағынан сұп-сұлу өлеңдерінің тілдері шұп-шұбар. Ақан бұл шұбар жолға өзі қалап түскен емес, оны заман түсірген.

Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы, екені де даусыз. Ақан-заманның баласы. Ол заман өткен тоқсан тоғыз, жүзінші жылдар, қазақ даласын оңтүстік пен солтүстіктен екі  албастының келіп басқан заманы. Біреуі - Бұқардан ишандардың, қазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. ЕкіншісІ - болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, «учительдердің» қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген орыс албастысы. Ол дәуір - осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп- шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі. Ол дәуір халфелердің:

Фараухун уә райханун әнфісәк сәні,

Болғанда хуснун уәе абиз тәнің,- деп,

тілмаштардың:

Кейлегің сексен теңге серо-бурый,

Дамбалың московский материя,- деп,

учительдердің:

Милая, тебя вижу, қырындаймын,

Без ответ, все таки, ұрынбаймын, - деп қыздарға хат жазатын дәуірлері.

Ақан қазақ тілінің сол тарқылданған дәуірінде өмір сүрген. Оның үстіне, өмірден соққы жеген Ақан сопылық, дін жолына түсіп, жан тыныштығын табамын деп жүріп Бұқардан оқып қайтып, талай елдің осы күнге дейін көзін аштырмай кеткен кекшетаулық Науан қазіретке шәкірт болған. Ақанның тілінің тарғыл болуының себебі - осы. Оның тарғыл тіліне ең ашық мысал мынау өлең:

Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,

Көптен-көп сәлем айттым, Гүлназия,

Тағырифын тамам қылып танығандай,

Діл бардан ділмар керек шаибазия.

 

Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,

Шери зат дұхтар саһи гүлнаһия.

Әр нақыш мәдахымды түсінерсің,

Діл араи, діл хафзаи гүлнахия.

 

Сәдәфтің шашыраған жәуһәры сіңіре,

Көңілімнің зәһрасына салған ұя.

Гәсуа дарын секілді бент махбуб,

Ксәния секілді кінәзия.

 

Кептен-көп поклон айттым, скажия,

Сырымды кімге айтамын, сізден зия.

Именной, искренный, ескеріңіз,

Хорошенько, сестра, сватия.

(Құдаша, карындас дегені ғой).

Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рақмет айтарлық ештеңе жоқ. Бірақ Ақанның сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер. Ақанның сол тарғыл тілмен де суреттей алғандығын көруге тиісті. Ақан бір өлеңінде Қалқа баласына былай дейді:

Тағрифін тамам қылып жеткізе алмас,

Қамыстар болса- қалам, бахыр' -сия.

Мынау құранның құдайды суреттеген сөзімен ақын Ақан Қалқа баласын суреттегені ғой!

Тағы ақын Ақанның молдадан үйренген мұсылмандықпен, арабша үйреніп, молда болғандығымен қалай пайдаланғанын мынау суреттеуі шешіп береді. Ақан Қалқа баласын былай суреттейді:

1.    Қасың қара қаламның сиясынан,

           Қолың нәзік езеннің миясынан...

2.    Ақша бетің үстінен нәркес көзің            -

           Ақ қағаз нүктесіндей нонға тартқан...

3.    Сымбатыңды қарасам, Қалқа бала,

Мен секілді «машайық» шынға тартқан...

          (Мінсіз басың «машайықтың» мемі секілді, бұраңдаған бойың мем-нен соң бұраңдаған  

    «машайықтың шыны» секілді дегені ғой). Мы- надай суреттер - екіден бірдің-ақ қолынан    

    келетін нәрсе.

Онан соң, Ақанның өлең ұйқастыруына да молдалықтың шарапаты тимей қалған емес, сол жолда Ақанға, әсіресе, әсер қылған аты- шулы «Мұхаммадия» болған. Мұсылманша оқығандар біледі, «Мұхаммадияның» өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең «я-ға» ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да, «я-ға» ұйқастырылады да оты- рады. Ақан өлең ұйқастарында көбінесе осы «Мұхаммадияның» жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанмен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөз кіріп кету қаупі де зор. Ақанның да ұзақ ұйқастырылған өлеңдерінде, осы себептен, мағынасы, аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірақ өлең ұйқастыру ауданының кеңеюі кезінен қарағанда, Ақанның бұл тәжірибесін  онша мінеуге болмайды.

Қысқасы, қазақ тілінің қуғын көрген дәуірінде өмір сүрген Ақанның тілінің тарғыл екені рас. Бірақ тарғыл тіл шын Ақанның тілін тұтықтыра алмаған. Ақын Ақан шәкірттің қағаз-сисынан, молданың мың бейнетпен, қауырсын қаламын сықырлатып жазатын «н» харіпінен, жазаласа, ишанның машайығынан, Құранның аятынан, өзіне керек суретті жасай білген.

Енді Ақанның сездеріне мағына жағынан келгенде, оның өлеңдерін беске бөлуге бо- лады:

1. Сықақ. 2. Ғашықтық. 3. Айтыс һәм мақтау. 4. Сопылық. 5. Қазақ қайғысы туралы өлеңдер.

Бұл бөлімдердің сықақтан басқасы Ақанның өмірінің түрлі дәуірлеріне байланған.

Бұл туралы Ақанның өмірін жазған мақалада айтып өткеміз. Жалғыз-ақ сықақ - Ақанның сүйегіне біткен сипаты. Ақан өмір бойына өзінің көңіліне ұнамаған адамды сықақ қылып іліп тастамай қойған емес. Ілетін орны келгенде пәленше-түленше деген атына, затына қараған да емес. Қарауылдың ақсақалдары осы күнге дейін Ақан десе, алдымен оның улы тілін есіне түсіреді.

Ұнамаған адамға Ақанның тілінен құйылған у талай-талай заман шыбжыңдатса керек. Тілінің уының күшті екенін Ақан өзі де білген.

Қағысқанды қыламын под надзором, Патшаның мизамындай мен де сотпын,- дейді Ақан.

Достыққа баға бере алмай, сыртынан өсек жүргізгені үшін Жүсіп деген белгілі бір төреге Ақан былай дейді:

Жүсіп-ау, төрелік жоқ баяғыдай,

Дәрежең қара қазақ аяғындай.

Досыңды дұспан көріп айбаттайсың,

Мінезің әз-әзілдің таяғындай.

 

Жүсіп-ау, неше мысқал басыңда ми?

Айдаған мал, үстінде тігулі үй.

Қиямет таразысы, кұрған шақта  

Айса, Ермек, Тортай болады би.

 

Мүңкір-нәңкір бесеулеп ұрған шақта,

Көтіңнен шығады, ғой сонда бір қи.

Майын мінген аттай ғып қайтарарсың,

Күңшеңнің' арқасынан шығармай ши.

Қарауылдың белгілі Шөбегінің немересі - қотыр ауыз Мұқанәлі деген Ақанды періге иеленген деп жамандап өлең шығарады. Ақан оны білмейді.

Бір жерде ол өлеңді ести салып, сөздің ың- ғайынан кім шығарғанын біле қойып, Ақан айтыпты:

Адамды, сырттан айбат жарамайды,

Айбатсыз ақымақ асы, тарамайды.

Мына өлеңді шығарған ақымақтың

Аузына жағар ма еді қара майды.

Бір жиында Ғалиянұр деген бір ноғай молда Ақанмен айтыспақ болады. Ақан ноғайдың ормақ мұрнына тие сөз бастайды Ноғай «мен ормақ болсам, пайғамбар да ормақ мұрын болған» десе керек.

Сонда Ақан:

Мұхамбет-құдай досы, пайғамбары.

Пайғамбарды көрген жоқ жұрттың бәрі.

Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,

Ормақмұрын, шегір көз, ақжал сары,- дейді.

Ақанның ғашықтық өлеңдеріне келсек, басқа өлөңдерімен салыстырғанда, оның шеберлігі сонда көрінеді. Сері Ақанның мұндай өлеңге шебер болуының, әрине, таңы жоқ. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иісі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай:

Оралдың мен ақиық сырандағы.

Сен, сәулем, қызыл түлкі қырандағы.

Қия тас қиынына кетсең дағы,

Қамшылап қанатымды, бұрам дағы.

Қия тас қиынында бекінсең де,

Тәуекел майданында тұрам дағы.

Асыл зат, алқызыл гүл қарындасым,

Серуайдың' саясында еремдағы.

Есілдің құбаталы, шынарым-ай,

Алдымнан майысып шық бұрал дағы

Көріндің хордай болып жұмақтағы,

Өткірсің нар кескендей қынаптағы

Сөзіңді ешбір жанға ұстатпайсың,

Қалбырға кұйып койған сынап тағы

...Жігіттің қасы болған пері едіңіз.

Аспанда ұшып жүрген сіз ақтұйғын

Екіден үшке жеткен түлегіңіз

Сұқсұрдай су ішінде мекен етіп

        Ілінбей қармағыма жүр едіңіз

        Көрініп қолға түспей жүрсін, қалқа

        Қай жерде мекен еткен түнегініз

Түн қайтып, түнегіңнен ұшқаныңша

Үзілмес,сірә,сізден күдеріміз.

Жұмысым көңілімдегі бітер еді

Артылса ақ төсіңе біпегіміз...

 

Мағжан Жұмабаев

(Жалғасы бар)

1 Бахыр – теңіз (М.Жұмабаевтың ескертпесі)

1 Күңше – Жүсіп төренің қатыны. Айса, Ермек, Тортай – қарсы партиядағы адамдар. Күңше сол тұқымнан болса керек. (М.Жұмабаевтың ескертпесі)

1 Ағаш – (М.Жұмабаевтың ескертпесі)

 

  

 

Жұмабаев М. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan.- 68.-09.06.2018.-4б.

 

 Жалғасы

Ақанның ғашықтық өлеңдерінің ішінде көп жерге тарап кеткені - «Ақ көйлек» өлеңі. Бұл - Ақанның ең сұлу өлеңінің бірі. Ту басында жүз бірнеше өлең болса көрек, бәрі «Ақ көйлек» деп басталған.

Бір ауызы:

Етегі ақ көйлектің ілмеленген,

Қастарың харіф мәттей сүрмеленген.

Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа,

Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген...

Мынау өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы мен жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда, Ақан ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Ол ғашықтықты «ақ төске білектің артылуы, артылмауымен» ғана байлап қойған емес. Бұл - Ақанның өмірінен белгілі - бір. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар:      

Кісідей өкпелеген мойның бұрмай,

Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты?..

Жоқ болса айтар сөзің жұбайыма,

Жүрейін,амалымне, өз жайыма.

Обалың, айнымасам, маған емес,

Жаратқан жақсы қылып құдайыңа.

Сен сүймей кетсең де, мен сүйе бермекпін.

Сені мендік болғаның үшін емес, жақсы жаратылғаның үшін сүйемін... дегені ғой.

Ақанның айтыс һәм мақтау өлеңдері туралы ешнәрсе деуге мүмкін емес.

Мұндай өлеңдері менің қолыма түспеді. Жұрттың айтуына қарағанда, бірнеше ақынмен ауызбен де, жазысып та айтысқанға ұқсайды. Өзгесін жеңді, бірақ Орынбайдан жеңілді деседі. Орынбайға Ақан былай дейді (Орынбай жиында әйелдер отырған үйге кіріп шықса керек):

Ореке, сөз бастайын, жолың қисаң,

Мурит боп ең ғой пірге сен Зейнолла ишан.

Жаңа тағы өңкеңдеп қол тапсырдың,

Шулаған, ақ сәлделі бұ қай ишан?

Сонда Орынбай қарттың:

Ақыл аста, күш атта, сөз малдыда,

Ақыл, айла болмайды жоқ-жарлыда.

Парыз, уәжіп баршасын тамақ қылып,

Жалғыз-ақ әйел деген сөз қалды ма?- деп Ақанның ораза, намазға салақтығын бетіне басып, тоқтатып кетті деседі.

Ақынның сопылық туралы өлеңдері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда, серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, кұрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдымен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады:

Дүниенің қызығын кешіп өтіп,

Тәттіліктің алмадық еш ләззәтін.

Пәруадигар сопылардың жолыменен

Құдайға кұлшылықта ғибадатым.

Айырушы Алла бар, не қамым бар,

Адамның ішкі сырын, заһыр, батын.

Енді Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болумен бірге жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді. Дұрыс, бұл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдерінен көп төмен. Бірақ бұл төмендікті оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген, сол қайғының себебін таба білген. Ол қайғы-қазақтың ата тұрмысының аз дәуірдің ішінде көріне көзге қирағаны, қираудың себебі - қазақ даласына қарашекпендердің құжынап келіп орнағаны. Ақан соны жырлайды. Жерінөн айырылған елдің көзінің жасы болғанын айтады. Қарашекпеннен көрген қорлықты санайды. Үкіметтің орыс, қазақты ала ұстайтынын білдіреді.

Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,

Соятын крәсиянға лақтай боп.

Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,

Шетке шығып қалдық қой брактай боп...

Қор болып крәсиянның табанында,

Қалайша күн көрерміз дәурен кешіп?

Темір айыр, ақ балта қолдарында,

Тілге келмей ұрады өңмендесіп.

Іштен келген тоң мойын, надан халық,

Бұл жұртты ойран қылмай ма төбеленіп!..

Осы күнде мағылұм сұрасаңыз,

Талай жанның тастап жүр басын кесіп.

Қасиетті ата-баба зиратының

Үстіне егін салды, жайлап есіп.

Тірі түгіл, өлінің көрін алып,

Бұлайша іс қылады ерегісіп.

Қай дума, комиссия болса дағы,

Бұған закон сұраймыз төрелесіп.

Жетпіс екі милләтте жол бар ма екен

Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп?

Құдайдан кітап келген халық болса,

Іс қылмас айуандарша көрді тесіп.

Россия патшасының мизамында,

Мұндай іске «Інжілде» закон нешік?

Бұларға патша мизам білдірмеп пе?

Надандықпен қыла ма гуілдесіп?

Бір орыстың тимейді моласына!.

Қазаққа әдейі қыла ма дүрілдесіп?

Қазақтың халқынан да крәсиянға

Ит баласы қадірлі бір кек күшік.

Жыртқыш, айуан мінез халықпенен

Қалай отыр дейсіздер біргелесіп?

Қалайша күн көресің, қазақ байғұс,

Күнде сот, күнде бунт боп, зар илесіп?

«Інжілдің» аяты шіркеуде ән салуға ғана жарап қалғанын, үкіметтің төбе-төбе, том-том закондарымен іс қылатынын, олар болса бір сәрі-ау, жандаралдардың «тауығының тұмсығы қанаса, көршіңдегі қазақты қират» деп шығарған бұйрықтарымен қарашекпендердің қимыл қылатынын Ақан сорлы қайдан білсін!

Қазақтың мұндай күйге түскенін Ақан ә дегенде жергілікті әкімдердің надандығынан, қаралығынан деп біледі.

Патша алыс, жете алмаймыз Петрборға Және де сегіз санат алыс қия, - дейді. «Ақ патша», сегіз санат  қазақ даласындағы мынау зомбылықты білмей отыр ғой, білсе олар аяр еді дейді бала елдің бала ақыны.

Мал өсірген халықпыз, егін екпей,

Аз жерге сия алмаймыз сызғандай-ақ.

Шеттен келген төрелер норма қылған,

Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.

Петрбордан шафқатты санат келсе,

Патшадан жарлық алып құдай қалап.

Қазақ үшін қайғырып жылар еді,

Ол мейірбан ер болса ұялмай-ақ.

Қойдан қоңыр не қылған халық еді деп,

Көз жасын қайтар еді тия алмай-ақ.

Есті Ақан ұзамай-ақ мынау ақ көңілділіктен  құтылады. Бәленің басы Петрбордағы «патша ағзамда» екенін біледі. Енді Ақан Петрбордан жай мархамат күтудің орынсыз екенін ұғып, «ақ патшаға» баяғы жеріңе тимеймін дегн уәдеңнен тайдың деп, қыр көрсетіп, өкпе айтады. Мұндай қыр, өкпеден де ешнәрсе өнбейтінін біліп, үкіметке тіпті бізді аямай-ақ қой, өз мемлекетіңнің пайдасын ойлашы. Өзің үшін қазақ жерін, қазақ малын құртпағаның пайдалы ғой дейді. Мұндай негізді пікірге ол күнде екінің бірі-ақ ие болған шығар:

Пара-пар крәсиянға тең болмадық.

Тартылып қай жараға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық?

Орыс, ноғай, сарт-сауан саудагерге

Қалайша малмен, жермен тең болмадық!

Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,

Қайырсыз патшамызға ел болмадық.

Құр мен қоян секілді алуға оңай,

Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық.

Қазақ малы азайса, халқың азар,

Қалайша бай-көпестер дүкен жазар?

Патшалық дүкендердің бәрі кемір,

Сөзімнің дәлеліне салсаң назар.

Қазақ малы кемісе, бәрі кемір,

Ірбіт, Мәскеу, Мәкәржі – күллі базар.

Сиыр, қой, жылқы қылы, май, терісі.

Фабрикте асыл пұлды жүннен тозар.

Шолақ мәстек, қу бөшкө крәсиян

Қазақтың байлығына бермес ажар.

Сендер үшін қазақ малы азайды деп,

Фабриктер крәсиянның шашын күзер,

Зираттың тақтайларын ұрлап алып,

Айуанша қараңғыда қазып мазар,  

Үстіне егін шықса қырқып алып,

Аузына не түскенін итше қажар.

 «Біз солдат патшаға бердік» дейді,

Омырауға салады өңкей ожар.

Қай жауды әскер беріп мұқатыпты?

Соғыста солдаттары жүреді әзер.

КүллІ халық кәсібі қазақпенен,

Қисап неге қылмайды думашылар?

Пайдасы крәсияннан кейін бе екен

Қазақтың қайран малы көлге жүзер?

Әскерге де ат керек, тамақ керек.

Данышпандар қисапты қылса сезер.

Жер, суын, баққан малын алдыңыз да,

Қазақтан бұл уақытта болдың безер.

Дариға, дертті заман келгеннен соң,

Қаламға жөн қалмады тізгін тежер...

Газөт, журнал оқымаған, пікірлі азаматтың бетін көрмеген надан Науанның шәкірті - Ақанның мынадай пікірге келе білгендігі шынымен тамаша, өз миымөн шаруа түрлерінің арасындағы байламды көре білген Ақан, не десеңде, тым-ақ жабайы жан емөс.

Соңғы кезде Ақан патшаға көшіп кетеміз деп қоқан-лоқы қылады. Өзі шынында құтсыз қоныстан ауу керек деген пікірге көлөді:

Бостаншылық берсе егер басымызға,

Патшамыз мархамат қып ризаласып,

Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,

Тынышты жай іздер ек арып-ашып.

«Құрметті» крәсиянға жер кеңісін,

Орнымызды сол алсын еһлесіп.

Өлтірсе құн, сатылсақ пұлымыз жоқ,

Құр өлді не қыласыз «құрметтесіп»?

Ақанның соңғы сөзі:

Мархабат патшамыздан ала алмадық,

Я Бұқар кетеміз бе, я Турция?

Ворон иттің астында қалғаныңша,

Тірлікте ізденіңіз исламия,

Бір үш кез жер тимейді өлгеніңе...

Бұ не кеп, бұ не қасірет, ғамкіния?

Соңғы сөз: «бұл не көп, бұл не қасірөт, ғамкіния». Шерлі Ақан осы сөзбен дүниеден қайтқан.

Ақанның сөздері - осы. Соңғы өлеңдерінің мағынасы дұрыс екені даусыз.

Ілгергі өлеңдерінде бірталай сұлу сурет бар екені рас. Сонымен бірге, соңғы өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлеңдерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол дәуір - Нухақтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап батып бара жатқан дәуір. Ойы - тұман, тілі - тарғыл да жасыған, ділі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ Ақан сықылды бірен- саран сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ере- уіл жасаған, оның өзінің - сері, жолдасының - пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы - Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты - елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.

Біздің міндетіміз - еткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «Ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай», балапан әдебиетімізге де қабыстыру.

Сөз соңында Ақанның сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді.

 

 

 

Мағжан Жұмабаев

 

Жұмабаев М. Ақан сері. // Soltustik Qazaqstan.- 69.-12.06.2018.-5б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий