Асылдарымызды ұлықтау – өткенді ұмытпау

3 января 2019 - Кабиева Р.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы – өшкенімізді тірілтіп, жоғалғанымызды табуға мүмкіндік берген мәні терең, мағынасы зор құжат. Қазақстан әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Оған жету үшін Елбасымыз атап көрсеткендей, санамыздың ісімізден озық болуы маңызды. Алдымен, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін анықтап алған жөн болар.

Жас ұлғайған сайын өткен күндер санада жиі жаңғырады. Келмеске кеткен кеңес кезеңінде небір зобалаңдар, тар жол, тайғақ кешулер өтті ғой. Қылышынан қан тамған кеңес дәуірінің дәурені жүріп тұрған кезде халқымыз көптеген құндылықтарды жоғалтты. Бірақ қателікті бетке айтудан қаймықпағандар кейінгілерге дұрыс жол көрсетуге тырысты. Әсіресе, қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, аты аңызға айналған Ақан сері бабамыз ән өнерін биікке көтеріп, бай мұрасын ұрпаққа аманат етіп қалдырды.

“Мархабат патшамыздан ала алмадық

Не Бұхар, не Түркияға алаңдадық.

Іздеңіз тіршілікте Ислам дінін

Урядниктің астында қала алмадық.

Бұл не кәп, не қасірет қам күн ұя

Өлгенде үш кез жер таба алмадық”, –

деген ақынның өлең жолдары санама қозғау салып, ой кешуіме себепкер болды. Иә, қазақ даласын ән мен күйге бөлеген ақынның сырлы өлеңдері ғибратқа толы.

Ақан сері мен біздің бабаларымыз бір рудан тараған. Ақан серінің ең жақын аталасы Қасым ақсақал молда болды. Ауыл тұрғындары оның ақыл-кеңесіне жүгінген. Жас кезімде онымен талай кездесіп, ой бөлістік. “Ақан сері Алланы таныған, терең түсінген. Дінімізде 73 жол бар, сол жолдың біреуі ғана тура. Ислам діні ақиқат екенін Ақан сезді”, – дегені есімде анық қалса да, молданың бұл сөзіне сол кезде көңіл бөлмедім. Керісінше: “Өткен заман өтті ғой, оны еске алып қайтеміз, бізді жақсылықтар күтіп тұр. Көп ұзамай коммунизм орнатамыз. Өгіздің орнын трактор алмастырады. Астық жинау 100 есе өседі, бәрі арзан болады”, – деп лепірдім. Сонда Қасекең: “Балам, болсын деп тілеймін, бірақ дінсіз ел мақсатқа жетеді деп айта алмаймын”, – деген еді.

Ақан сері неге аталары жатқан зиратқа, яғни өзінің туған топырағына жерленбеді? Басқа қазақ ауылдары өз орнында қалғанда ата-бабаларымыз өз жұртынан неге көшіп кетті деген сұрақ мені мазалайтын.

Біздің ата-бабаларымыз елден кетіп, Сарыбұлақ пен Шолақөзектің ортасына қоныстанған. Мұны мен өзіммен шамалас ағайыным Нұрмұқан Қожахметұлының өз аузынан естідім. Ағамның айтуынша, атасы Құдайберген қажы сұлтан Шыңғысқа барып қоныс аударуға жер сұраған. Ол жер Шолақөзек ауылынан алыс емес.

Әрбір адамның түп-тамыры, ататегі болады. Райымқұлдан тараған біздің атамыз Бөбетәй, Құдайқұлдан тараған Қорамса өз заманында әлді тұрған. Ал біздің кең-байтақ, шұрайлы жерімізге кімдер қызықпаған? Соның бірі Ресей империясы. 1722 жыл. І Петрдің қазақтарды Ресейдің қол астына кіргізу туралы пікірі (А.Тевкелевтің жазбаларынан) ...“Егер қазақтар қол астымызға кіретін болса, қандайда шығынға қарамай, тіпті, миллион болса да, әйтеуір қағазға қол қойып, Ресей империясының протекциясына енгізу керек... Бұл қазақ Ордасы көшпелі халық болса да, оның жері бүкіл Азия елдеріне жол ашатын кілт пен қақпа. Сондықтан қазақ жері Ресейдің қол астында болуы қажет. Сөйтіп, бүкіл Азия елдерімен қарым-қатынас жасап, Ресей жағына пайдалы да тиімді шаралар жүргізуге мүмкін болар еді”, – делінген. Ал екінші құжат 1731 жыл Ресей сыртқы істер алқасының М. Тевкелевке жіберген нұсқауында “... Өзің бара жатқан жолда Ресей қалаларына апаратын басқа жолдар бар ма? Ол жолдардың жағдайы қалай? ...Осылардың бәрін сипаттап жазып қана қоймай, сызбасын жасап отыру керек, сол үшін арнайы геодезист маманды жаныңа қосып бердік. ...Ешкімге білдірмей, қазақтар түгіл, өзіне еріп бара жатқандарға да сездірмей, арнайы тапсырма емес, әншейін өзің үшін ғана жазып отырған адам сияқты көріну керек”, – деп айтылған. Мінекей сол сызба Қорамса ауылының үстінен өтіп отыр.

Көкшетаудан шыққан жолда Еленовка, Антоновка, Комаровка, Володаровка, Кирилловка, Каменный Брод, тағы басқа ауылдар бар. Бұл маңдағы қазақ ауылдары әрі қарай орналасқан. Ашығын айтқанда, бүгінгі Комаровка ауылы Қорамсаның жері. Қазір ауылдың дәл ортасында Құдайқұл руының зираты тұр. Ал аты айтып тұрғандай, Қоскөлде үлкен көл болған. Көлдің суы біресе көтеріліп, енді бірде азаяды деседі үлкендер. Бөбетай бабамыздың жайылымы Ауыз ағаштың арғы бетіндегі Сырымбет тауының бағытында орналасқан. Сол маңда Райымқұлдан тараған ата-бабаларымыздың зираты бар.

Бабаларымыздың туған жерден қоныс аударуына мал жайылатын жердің жайсыздығы да себеп болуы мүмкін. Бірақ Ақан сері өз жұртын тастамаған. Оған дәлел де жоқ емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, Ақан сері дінге берік адам болған. Ол сырқаттанған соң туған жерден топырақ бұйыруын қалаған. Бажасы Науан хазіретпен жақсы қарым-қатынаста болған. Науан хазірет өз заманында білімдар, ұстаз болған адам. Шамасы діни ағартушы оған сүйегі сол жерде жерленсе, Құдайқұл ұрпағы оның себебін сұрайтынына ақыл қосқан болуы керек. Сондықтан ол нағашы жұртында жерленді.

“Бұл не кәп, не қасірет қам күн ұя

Өлгенде үш кез жер таба алмадық”, – деп жырлауы да сондықтан.

Жоғарыда Қасым молда туралы айтып өттім. Бірде сырқаттанып жатқанда халін білуге бардым. Сонда көзіне жас алып, мына өлең жолдарынан не түйгенімді сұрады.

“Болғанда мұндай күйде заманымда.

Жәй жатып, сахарада қамаламыз.

Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,

Қайткенде тура жолды таба аламыз?

Жай жату – тек бүгінгі жанның қамы.

Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы.

Өзді-өзін талап жеген әлі жетсе,

Хайуан сахарада аңның қамы”.

Ақан сері өз заманын осылай суреттеген. Ұмытпасам, бұл 1981 жыл болуы керек. Сол жылы ол өмірден өтті. Әрине, молдамен осы жолы келіспеуге менің құқым жоқ. Ауыр күрсініп: “Балам, шындық болмай, нақты ізгі іс істемей, дінімізді қайтармай біз дұрыс жол таба алмаймыз. Біздің ата-бабаларымыз дінді берік ұстанған”, – дей келе ол қарапайым халықты бірлікке шақырды. Оның айтуынша, сүтті қаймақтан айырсаң, көк сүт қалады. Біздің де заман соған ұқсас сияқты.

– Кешегі шолақ белсенділер не істемеді? Сенің әкең Мәмбетәлі ел аштықтан өлмесін деп атсалысып, өтірік пәле жапқандардың ісін сотқа жеткізбей Нұртай аталарыңды алып қалған. Қазақтардың арасында күншілдік бар. Адал еңбекпен өмір сүрудің орнына, басшыларға жалынып, оңай дүние табуды ойлайтындар көп. Ал құдайсыздарда ұят болмайды. Бұлай өмір сүру – надандықтың ісі. Заманды бүлдіретін солар. Ақан сері ащы шындықты бетке айтты, – деді ол.

Ақан сері өз заманының теріс бағытта дамуы діннің тура жолына қайшы келетінін терең түсінді. Бодандықтың зардабы өлеңдерінде де бар. Бүгінгі тарихи құжаттар арқылы оған анық көз жеткізуге болады. Мәселен, “Қазір қазақ халқы патшаның қол астында болып, адалдық туралы ант бергендіктен, бұрынғысынша жаңа хандарды өз қалауымен сайлауға жол бермеу керек. Хан болатын адамды алдымен патша ағзамның тексеріп білуі және келісімі керек” делінген 1748 жылғы Сыртқы істер алқасының мәлім хатында.

Жастарға ақыл айтып, жол көрсететін көнекөз қариялар емес пе? Ал Ақан сері туралы жазылған шығармаларда бір ақиқат айтылмаған сияқты. Ақан мен Құлагер егіз ұғым дейтін болсақ, қағаз бетіне түспеген, еш жерде айтылмаған Ожынбай балуан да ақынның өмірінде елеулі рөл атқарғаны тарихи шындық. Ожынбай атамыз Ақан серіден бұрын дүние салған. Әкем Ожынбайдың апалары да қайратымен көзге түскенін айтып отырушы еді.

Халқымызда Абай, Шоқан, Ақан сері сияқты елімізді танытқан ұлылар аз емес. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқанның балалық шағы табиғаты көркем Құсмұрын мен Сырымбетте өтті. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш болса, екіншіден зор жауапкершілік жүктейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы елдік істен басталатынын айтқым келеді. Қоғамның озық дамуы тек ғылыми жетістіктер мен материалдық құндылықтан тұрмайды. Адами асыл қасиеттерді де естен шығармауға тиіспіз.

Қапез АҚМОЛДИН, ардагер ұстаз.

Айыртау ауданы. 

Ақмолдин Қ. Асылдарымызды ұлықтау – өткенді ұмытпау./ Soltustik Qazaqstan. – 22 qarasha.- 2018 jyl. - №140-41.– 8 bet.

 

 

 

 

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий