Астарынан ақиқат ақтарылған хаттар: [Мұқановтың хатханасынан]

17 августа 2018 - Садыкова А.

Жуырда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдың мұражай кешенінің ұйымдастыруымен "Мұқановтың хатханасы - Письмотека Муканова" атты кітаптың тұсаукесері болып өтті. Сәбеңнің 1924-1973 жылдар аралығында өзі жазған және басқа адамдардан алған 300-ден астам хаттарын құрастырып, құнды шығарма ретінде оқырман қауымға ұсынып отырған, алғы сөзін жазған әрі жауапты редакторы - ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков. Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбеңнің хаттарынан жинақталған бұл кітаптан еткен уақыттың тынысы сезіледі, сан-қилы тағдырлар, қоғамның сол алмағайып замандағы шындығы жайлы боямасыз баяндалады. Сәбең А.Толстой, И.Сталин, М.Жұмабаев, Ш.Қудайбердіұлы, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, I.Омаров, А.Фадеев, К.Симонов, Т.Нұртазин, Ж.Бектуров, И.Шухов, Ғ.Малдыбаев, Т.Кәкішев, Ә.Нурпейісов және тағы басқалармен хат арқылы пікірлескен. Сыр тұнған, астарынан ақиқат ақтарылған хаттар оқыған сәтте өзіңді ой тереңіне тартып, әрі қарай жетелей түседі. Газетіміздің бүгінгі санында оқырмандар назарына "Мұкановтың хатханасынан" бірнеше хатты ұсынып отырмыз.

М. Жұмабаев -С. Мұқановқа

Құрметті жолдасым Сәбит. Сіз менің Петропавловскдегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де біраз уақытқа басылып қалған еді. Бірақ яньвардың соңында бұл жай тағы да әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын. Декабрьде көркем әдебиеттердің Қазақ баспасымен Толстойдың "1 Петр", Некрасовтың "Декабристерін" аударуға келісім шартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын халде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады. Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзімнің қалам ұшыммен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, Сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім итермелеп отыр. Кешіріңіз. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтаң "Степняктан" жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Қүрметпен, Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл. /СМҒМӘММК. Қолжазба қоры/.

С. Мұқaнов — Ғ. Мүсіреповке

Ғабит. Аманшылық. Алматының ыстық күнінде шыжып жүріп жатырмыз. Мұхтар, Есмағамбет, Бегалин үшеуі Семей жаққа кетті. Өзгелері қалада. Майданнан Дүйсенбек келді. Жақында Саин келмек, жыл жарым партизанда болыпты. Әдебиетте айта қалғандай жаңалық жоқ. Ғабиден "От ортасында" дейтін пьеса берді. Соғыс кезіндегі eгic туралы. Тәуір деп қабылдадық. Әбділда пьессасын әлі бітірген жоқ. Қажымның "Едігесін" оқып ек, пьесадан гөрі, поэмаға жақын екен. Өзімнің сценарийім /"Жайлау"/ аяқталып келді, шықты ғой деймің домотдыхқа 10 күнге кетіп, аяқтағалы жатырмын. Жұрттың уәдесі көп те, берері жоқ боп қынжылтып жүр. ЦК-ның қаулысына біраз уақыт болып қалды. Бергеніміз шамалы. Бір дәмеліміз өзіңсің. Алған жүгің ауыр, көтереді деп сенеміз. Біраз кеңесті телефонмен айтқам. Командировканы бір айға созып, ақшасын жібердік. Керекті материалдарды алсаң кешіге бермегенің де жөн.

Елге барасың ғой. Мұнда Қазымбет келіп, Арыстан сонымен кеткен. Қазір елде. Менің елге барар-бармасым неғайбіл. Егер бара алмасам, Арыстанды сен ала қайт. Августың ортасында бармасам, елге бармағаным."Жаңажолдан" хат алдым: Садуақас та Жүкен де өліпті. Елге барарыңда телеграмма берерсің. Повесіңді жібер. Сәлеммен Сәбит. Алматы қаласы, 1943 жыл 17 шілде. /ҚР ОММ. 1864 қор. Қолжазба/.

Ш.Құдайбердіүлы -С.Мұқановқа

Ардақты Сәбит бауырым!

11/ХІІ де жазған хатыңызды жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар Бәйшешек бақшасы", "Нартайлақ әңгімесі. Қазақтың түп атасы", жиырма бес жасымда жазған - Бозбала мен кәрілік", отыз екі жасымда жазған - "Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған: "Қазақ айнасы", "Еңлік-Кебек", "Қалқаман-Мамыр" деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бастырып елге таратып едім, "Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрік шежіресін" де бір мың бастырып таратып едім. Соларды балаларға іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып; бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп. "Әділ, Мария" деген романымның көшірмесі Алматыдағы осынан барып қызметте тұрған Бағдәулет Құдайбердіұлында бар шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинская көшеде, №63. Сол балада: Американың Пешірстав деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынаң "Том ағай балағаны" деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Ол екеуін бір баламыз өлең де қылып еді, табылса менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл, өлеңшесін өзіңіз білесіз. Қолымда "Шыныбақ әңгімесі" деген пьесаға аударуға лайықты бір романым бар болса да, басқа кісі оқи алмастық шорнабай болғандықтаң көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің "Дубровский" деген романын қазақша өлеңге аударып ана бір жылы Семейде бастырылып еді. Ол үйде бар еді, мынау адамнан жіберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең, сөздерім бар, бірінші уақыт тығыз болып, екінші қырық бесжасымнан бергі өлең, сөздерім философия жағына салынып: об отвлеченного вопроса объективное рассуждение болгандықтан, үкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жібермей қалдым. Себебі: жан сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тәмам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде: Жан не? Дін не? Барша әлем қалай жаралған, адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, нысабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не ғылган жөн? деген сияқты ылғый дене сезімімен сезілмей іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын ноқтасыз - таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен пәлен пайғамбар, түгілен профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймык. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да рас ұрам. Мақтанып кеттім. — Мақтан емес іздегенім, тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақыйқатты айтпай тұра алмаймык Еріксізбін.
Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылық арым: барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақыйқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, "Жан сыры, Жаралыс сыры" деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл "Жан сыры", "Жаралыс сыры" басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінемін. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрін қайтарып отырарсыз. Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да, басылысымен баспахана харажатымен маған әрқайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да Мұтылган деген атыммен басылғаны жөн болар еді. Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды, әрқайсысының өзім шығарган әні (матифы) бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып үғындыруга, жергілікті үкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр. Хош! Бақытты болыңыз! Мұтылған".

Бұл хаттың Шәкәрім Құдайберді ұлыныкі екенін, біріншіден - аталған кітаптардан білдім, екіншіден - хатта аталған Бағдәулет деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы әкеп берген жоқ. Почтамен салдым деген кітаптары келген жоқ, баласы қолдарындағы кітаптарын берген жоқ. Хатқа "Мұтылған" деп қана қол қойылған.

(С.Муқанов) Қолтаңба 5/V-1952 ж.

С.Мүқанов -Ү. Балқашовқа

Үмітбай! Екі көңілді бір орыннан нендей реттерде болса да бірге шығару түрмыс тәжірибасында ірі, ауыр жұмыс. Мақтаншақ-тық өзіне басқа, мен осы аз гана жасымда талайлармен жолдас болып көрдім ғой, сол жолдастықтардың ішінде, жолдас болған жолдастарымның ішінде ілуде біреу болма-са, бір жерінен жарықшақ шықпай қалғаны болған емес, бүл тәжірибамен дәлелденген жүмыс. Шынында жарықшақтықта екі түрлі мәніс бар. Мұның бірі - саяси жақтан негізгі жолы бір болған адамдардың тұрмыс құбылысында қайшы келетін реттері көп болады. Талассыз мәселе негізді болмайды деген біздің партияның хадисі ғой. Бұл жағынан қарағанда түпкілікті жасайтын жұмыстардың жарықшақпен барып бүтінделуі өте қажет, сондықтан бұл жарықшақ ықтиярсыз керек етілінеді. Бірақ саяси жарықшақ жалпылықтың ортасында талқыланады. Екі личностьтің бұл тапқыға қол сұғуға хақы жоқ. Екінші жағынан - екі кісінің (личность) арасында болатын жарықшақтық бар. Бұл жарықшақтық екі адамды не балдай тату, не тұздай ащы қылады. Мұның негізі - екі кісі бірін-бірі "осының маған осы жері ұнамайды-ау" дегеннен шығады. Бұған дәлелге екеуміздің личный тұрмысымызды алайық. Көзбе-көз отырып мен саған шын доспын деу әрі ағаттық қой, біреудің біреу достығын көзбе-көз отырып білмейді, өмірдің мың түрлі харақаттарына қарай біледі. Сондықтан да екеуміз де жүздесіп отырып доспыз десіп кергеміз жоқ. ...Ұжданым деген сәзді ауызга алуга ұжданы бар кісіге ете қиын сөз ғой, езіңше дұрыс болғанмен, маган соңгы сезді тіркеуің менің түсінісіме хаталығың.

...Фальсафаны былай қоя тұрғанда сезіңнің бәрі алтын "Айтулы достың жаны бір" деген бұрынгының бір мақалы бар. Бүл сез ете терең сез һәм мысқылданып шық-қан сөз. "Екі кісі шын дос болса, екеуінің жаны қосылады" деген сез шығады. Екі жан бірге қосылса екі адам керініске екі басқа болганмен шынында бір адам. Жаны қосыл-маган адамда достық болмайды. ...Бұл жагынан мен мақтануга хақым бар, неге десен, ақын жаны суретшіл жан. Ал менің қандай настроенияда отырганымды сенің қалай су-реттейтініңе көзім еркін жетпейді. Әйткен-мен шамалауымша өзім ойлағандай болуы-ңа керек. Бүл сөз осымен бітсін. Енді істеген бір преступленияма келейін: Сейітқасымды менің түрмеден шығартқанымды естіген шығарсың. Біздің қыстайғы сөзімізде оған рахымшылық істейтін жеріміз жоқ еді ғой.

Сейітқасым түрмеге кіргенше мен сол фікірден ауғам жоқ. Бір күні түрмені көрейін деген фікірмен жаныма бір кісі ертіп түрмедегілерді араладым. Әй, Үмітбай-ай! Басы жұмыр пендеміз ғой, түрме айтуга оңай көрінеді, саналы кісіге түрме қайғылы қара тұманды ой береді екен. Нансаң төрт сағат аралағанда мен ойламаған ой қалған жоқ шығар. Бір кезде арт жағымнан біреу "Сәбит!.." деп айғай салды. Жаныма еріп камераларды ашып жүрген солдат дауыстағанға ақырып тастады. Айналып отырып әлгі камераға келсек, айқайлаған Сейітқасым Әмрин екен. Біз камераның ішіне кіргенде түсі сұп-сұр болып үндеместен қалшиып қатты да қалды. Жалғыз-ақ қолында ұстап отырған кітабы дірілдеп, көзі мөлдіреп кетті. Басқа ой ой ма?! Өткен күндер еске түсті. Өзіміздің бірге жататын күндеріміз. Әсіресе Рабфактың кең залында бір түні Байтұрсыновтың тұрасында Сейітқасымның Сүгіровпен төбелесе жаздағаны. Оның мұғалімдік күні, өзімізге еркелейтін уақыттары һәм аяғында мынадай түрмеге ілігіп, кешегі жолдасы төре болып түрме аралап жүргенде, оның иығы салбырап жыламсырап отырғаны... осының бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтті. Тап сол минутта Қасымның жан сыры менің қолымда сықылды еді. Сонан басқа камераларды көрмей, қалғанын ашқызбастан түрмеден тайып отырдым. Ұзын сөзді қысқартып айтқанда, Сейітқасымды шығартып жібергенге дәлелім осы. Рас, преступленияларына қарағанда бұлай істеуге мүмкіндігі жоқ, бірақ ісімнің дұрыс, хатасына көзім жетпейді, әйтеуір менің Қасымға арнаған ойымды бірінші жағынан түрме, екінші жағынан бес күнгі жақын жолдастығы жеңіп кетті. Бұл араға қанша батырлық қылайын десем де болмады. Бұны да бітірдім.

Өзім елге кетіп бара жатырмын. Елде июльдің 5-іне шейін болам. "Ғи" туралы өздеріңнен айырылған соң ойланғам да жоқ. Хош.

Сәбит.

13/VI - 1924 жыл

Біріне бірі жалғаса басылып отырғаны менің бұл он хатымды, жақын арада маған Үмітбай Балқашовтың өзі әкеліп сыйлады. Хаттың сөздері өзгеріссіз басылды.

Сәбит Мүқанов 23-11-1960 жыл
Алматы.


Астарынан ақиқат ақтарылған хаттар: [Мұқановтың хатханасынан] // Soltustik Qazaqstan. - 2018. - 5 бет

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий