Алаштың ардақтысы [Мағжан Жұмабаев - 125]

14 августа 2018 - Кабиева Р.

     Төрткіл дүниедегі қай халықтың болмасын, әдебиеті мен өнері сол жұрттың мәдениетінің қайнары, тереңге бойлаған рухани тамыры екені ақиқат. Осынау мәдениетті ұлттың ұлы тұлғалары қалыптастырып, айналасындағы ірілі - ұсақты арналарды өзіне тартып жататын шалқар дария тәрізденеді. Ойшылдар, ғұламалар мен кемеңгерлер ұлттық өзектен тамыр тартса да, бүкілғаламдық өркениетке барып қосылады.

Ағылшындар үшін Шекспир мен Байрон, немістерге - Гете мен Гейне, италиялықтарға - Данте, үндістерге - Тагор, орыстарға Пушкин мен Лермонтов қаншалықты ардақты болса, қазақ әдебиетін Абай мен Мағжансыз көзге елестету мүмкін емес. Бұлардың бәрі де өз ұлтының ғаламдағы жаратылысын, рухани танымы мен тұлғасын тұтастырып тұрған, мысалы, бір асыл заттың қасиетін танытатын айрықша белгілері іспетті.

Абай мен Мағжанды қаншалықты зеректілікпен зейіндеп танитын болсақ, біз соншалықты дәрежеде өз ұлтымыздың ұлылығына бойлай түсеміз. Тереңге үңілмей тұрып, тұңғиықтың сырын аңдау мүмкін емес. Оны аңдататын құдірет- көркемсөз. Осынау рухани байлық арқылы алдымен Абай, одан соң Мағжан ұлтымызға ұлағат дарытып, екеуі де өздері ғұмыр кешкен заманнан асып, болашаққа бойлап кетті. Бұл орайда Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың "Тарих толқынында" кітабында "Құрманғазының ғажайып күйлері, Мағжанның мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұх- тардың эпикалық көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңғалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың философиялық толғаулары ынта-ықылас қойған әрбір адамның ішкі жан дүниесін байыта түсері анық" деген даналық лебізі, жастарды ұлтымыздың бағына жаралған толағай тұлғалардың мұраларын терең игеруге шақыруы осы біз айтып өткен ойды нақпа-нақ түйіндейді.

Адамның бойынан жанның сәулесін іздеп, соның жоғына қынжылған, барына қуанған ақын ғана өзінің жырынан өзіне жан рахатын табады. Ол сол сәулемен рухтанады. "Мағжан - рухшыл ақын" дейтіндер, тегінде, бұл лебізді осыған сүйеніп айтса керек. Рухшылдық - романтик ұғымын білдірсе, дүниенің шындығын лирикалық күш-қуатпен суреттеуге пәрменінің жететіндігі емес пе? Бұл ретте Мағжан шығармашылығына ең әуелгі баға бергендердің бірі Мұхтар Әуезов. Мағжанның сөзінің болашаққа анық жететіндігін, өзгелерінікі күмәнді екендігін (солардың ішінде ол өзін де айтады) тілге тиек етсе, көркемсөздің шебері, прозадағы лирик Жүсіпбек Аймауытов "...ол сыршыл, толғағыш, суретші, сез ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жауынгерлікке қарсы, күншығысшыл ақын" деген шынайы толғанысын танытады.

Ұлылар тәнімен ғасырлар бойы ғұмыр жасамаса да, олардың жаны мәңгілік. Қандай бір замандарда тірлік кешпесін, ұлыларға не­ше түрлі қиястықтар қарсы тұрған, соншалықты пәрменде қиянат жасалған. Алайда, тарихтың өзі оларды тағдырдың талапайынан аман - есен алып шығып, атақ-даңқын халқына қайтарып беріп отырған. Тумысында таптың ақыны емес, ұлттың ақыны болып жаратылған Мағжан ой-пайымын орақ пен балғадан жоғары ұстап, өзі биікке, мәселен, ғаламдық мәдениетке өзге қандай да бір қалам ұстағандардан озық көтеріліп кеткені үшін оның қанатын кесу қолға алынды. Соны өзі сезген ұлы ақын ең қиналған тұстарында тірі ғұмыр кеше жүріп, "жанпида" жырлар жазды. "Мені де, елім, әлдиле", "Жан сөзі", "Мен жастарға сенемін", "Ләззат қайда?", "Зар", "От", "Пайғамбар", "Күн - шығыс", "Қараңғы дауылды түн", "Бостандық", "Түркістан", тағы да кептеген өлеңдері ұлт болашағы, өз ұлтының тап болған күні, оны буындырып отырған темір құрсаудың пәрмені, бұл пәрменді бұзып - қиратып, қыспақтан шығарар күштің әлсіздігі рухани жырларының арқауына айналып кеткен.

Мағжан толғампаз ақын екенін, оның әр толғанысы ұлттың келешегіне көңіл көзін

салудан туатынын жыр тұлпарымен қатар ғұмыр кешкен тұстастары аңдамай, аңғармай қалған жоқ. Айыбы - олар Мағжанша толғана алмады. Оған өрелері мен дәрмендері жетпеді. Қызғаныш оты осыдан лаулады. Мағжанға тағылған кінәнің зоры - осы қызғаныш. Содан соң оған "түрікшіл", "ұлтшыл" деген айыптар тағылды. Ал, керісінше, Мағжанның "түрікшілдігі" мен "ұлтшылдығы" оған - әдебиет әлемінде орнатылатын мәңгілік ескерткіштің іргетасы болып шықты.

Ұлы ақын жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын атап енгеннен-ақ өзімен бірге ұлтымыздың тарихын ерте келді. Гүндерді, Еділді Тұранды, Түркістанды, ер түрікті, Ақсақ Темірді, Абылайды, Кенесарыны ұлттың жүрегіне дарытпақ болды. Оның "Батыр Баян" дастаны арқылы Абылайдың қолбасшыларының бірі қайта жаңғыртылды. Тіпті, әдеби кейіпкердің тарихи тұлғаға айналып кетуінің мысалын іздесек, оған батыр Баян айғақ бола алады. Әдебиет тарихында ұлы қаламгерлердің туындысы жүздеген тарихшылардың тірнектеп жинаған деректерінен әлдеқайда асып түсетінінің айғағы да - осы Мағжан сомдаған Баян батыр.

Таптық идеологиядан қашық жүргендер мұны жүректеріне қондырды. Міне, солар Мағжан атын мәңгілік етуге жол салды.

Біз жоғарыда айтқанымыздай, ұлы тұлғалардың жаны - мәңгілік. Ақынның өзі сенген жастардың көңілі - ояу, көкірегі - сергек, жүрегі нұрлы болып шықты. Ақынды тәуелсіздік заманы тарихтың қыртысынан аршып алды. Мағжанды "Жоғалтып тындық, көзін құрттық, келмеске жібердік" дегендер жаңылды. Бүгінгі таңда біз ұлы ақынымызды өміріміздің бір зор өлшеміне айналдырдық. Мәселен, "Осы бір ісімізге Мағжан не дер еді?!" дегендей рухани пайым пайда болды. Оның ән-жырымен әлдиленіп аяқ басқан бөбек қана емес, бозбала, жас азамат жетерлік. Ұрпақтары ақынды аялау үстінде. Қазақтың мәңгілік мекені - Ұлы Дала ғана емес, оның кіндік қаны тамған топырағы - біздің Солтүстік өңіріміз ақын ақталғаннан бері қаншама зор істерді тындырды десеңізші?! Бүгінде оның алтын бесігі - Сарытомар мен

"Сасықкөл" Лев Толстойдың "Ясная полянасынан" кем емес. Аты ауданға берілді. Оның іңгәлап өмір босағасын аттаған жерінде мұражай шаңырақ көтерді. Аудан орталығында өзінің де, әдеби кейіпкері Баян батырдың да ескерткіштері тұғырға қонды.

Өзі оқытушылық қызмет атқарған Қызылжардағы гуманитарлық колледж ақынның есімімен аталады. Өңірдің бас қаласындағы ең лайықты әрі орталықтағы көшелердің бірі ақынның атын иеленіп, күннен-күнге көркейе түсуде және оның езі сенген жастар көп жүретін сол орамда ескерткіші ашылып, жыл сайын ақынның туған күніне арналған мүшәйралар өткізілетін қасиетті орынға айналды.

Сол сияқты, қаламыздың қонақтарын алдымен қарсы алатын вокзал алаңына ақынның есімі беріліп, кез тартатын орынға айналды әрі осында Мағжанның тамаша ескерткіші ашылып, осы салтанатқа Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты.

Туыстарының нұсқауымен Петропавлдың кене қорымынан ақынның әкесі Бекен қажы мен анасы Гүлсімнің зираттары табылып, бастарына мәрмар тастан құлпытастар қойылып, қоршалды, маңына гүлзар егілді.

2011 жылы тұңғыш рет Қызылжарда Мағжан жырларының республикалық бірінші фестивалі өткізіліп, ақынның ізбасарлары және өнер жұлдыздары сынға түскен еді. Биылғы осындай фестиваль ақынның туғанына 125 жыл толуына арналып өткізілмек. Онда кең-байтақ еліміздің жыр жампоздары өнер сайысына түседі. Бұл үрдіс, біздің рухани қалауымызға айналып кеткен дәстүр үзілмейтініне, мазмұнын кеңейтіп, жаңаша бейнелермен түрленіп, аумағы жайылып, жалғаса беретініне сеніміміз зор.

Мағжанды тануға, оның мұрасын зерделеуге деген құлшыныс ересен. Ол академик Ма­нат Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде "Мағжан Жұмабаев шығармашылығының әлемдік әдеби үдерістегі алатын орны" деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция барысында да анық аңғарылды. Осы жиында тоғысқан Қызылжар жұртшылығы мен алыстан келген меймандар Мағжан шығармаларының көркемдік қырлары, қазіргі қазақ поэзиясына тигізген әсері туралы байсалды талдаулар мен тың тұжырымдарын ортаға салды, Алаш қайраткерлерінің ұлт бақыты мен азаттығы үшін күрес тарихын тебірене толғады.

Ұлт мақтанышына айналған ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауда осыдан он бір жыл бұрын алғашқы саны жарық көрген "Мағжан" әдеби - көркем қоғамдық саяси журналының да зор маңызға ие болып отырғанын айту біз үшін зор сүйініш.

Ұлы ақынның туғанына 120 жыл толуы қарсаңында да ел көлемінде көптеген шаралар жүзеге асырылды. Солардың кейбірін тілге тиек етсек, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік М.Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған ескерткіш монетаны айналысқа шығарды. Осындай шаралар биыл да қолға алынып отыр. Сол сияқты, солтүстік- қазақстандықтар "Тұран - фильм" студиясы түсірген аяулы жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың өмірін, шығармашылығын, азаматтық ұстанымын бейнелейтін кинотуындыны да жылы қабылдады. Фильмнің сценарий авторы әрі ре­жиссер! Марат Қоңыров бастаған шығармашылық топ Қызылжарға арнайы келіп, қойылымның тұсаукесеріне қатысты.

Оқу орындарында жыл сайын "Мағжан оқулары" өтуі дәстүрге айналған. Бұл сайыстарда қазақ жастарымен бірге езге этностардың өкілдері де Мағжан өлеңдерін оқуда көзге түсіп жүр.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келгенде, бүгіндері қай ұлттың азаматы болмасын: "Бұл - Мағжан!" деп жаңылмай, жатырқамай айтатын заман орнықты. Мағжан өзінің әдебиеттегі Пайғамбар екендігін мойындатты. Ол келді. Оның:

"Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар!" - дегеніне бас имеске лажымыз жоқ.

Алдағы уақытта да "Ұлылар мекені" атанған өңіріміздің мәдени-рухани құндылықтары мен игі дәстүрлерін сақтап қана қоймай, одан әрі дамытуға күш саламыз, жыр пайғамбары атанған ұлы жерлесіміздің бай мұрасын кеңінен насихаттау ісін жүйелі түрде жалғастырмақшымыз.

Бұл бағытта атқарылып жатқан және алдағы уақытқа белгіленген шаралардың бәрі де жүзден астам ұлт пен ұлыстар өкілдері ғасырлар бойы ынтымақтаса өмір сүріп жатқан облысымыздағы қоғамдық бірлікті одан әрі нығайта түсуді кездейді.

 Құмар АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазакстан облысының әкімі.

     Қ.Ақсақалов. Алаштың ардақтысы. // Soltustik Qazaqstan. №73 (22246). 21.06.2018. 4-5 беттер

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий