Азаттық пен махаббаттың отты ақыны

22 октября 2018 - Кабиева Р.

    Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған қазақша жиырма өлеңі мен олардың ағылшын тіліндегі аудармасынан тұратын кітабым 2018 жылдың мамыр айында Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен жарияланды. Ақын Мағжан Жұмабаев - жалғыз қазақ әдебиетінің ғана емес, сонымен қатар Орта Азияның, яғни Түркістанның XX (жиырмасыншы) ғасырдағы шоқтығы биік қаламгерлерінің бірегейі. Мағжанның лирикалық поэзиясының XX (жиырмасыншы) ғасырдағы әлем әдебиетінде өзіндік орны бар мұра екенін де сенімді түрде айта аламын.

 

Мағжанның өлеңдері бүгінге дейін ағылшын тіліне аударылмағандығынан әлем халқына бейтаныс болып келді. Сондықтан мен осыдан он жылдай бұрын ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударуды жөн көрдім. Осы тұста мына жайға тоқтала кетейін: шын мәнінде мен Мағжан ақын өлеңдерімен сегіз-тоғыз жасымда таныстым. Менің әкем Осман Коджаоглу менің бала кезімде өзбек ақыны Чулпан мен қазақ ақыны Мағжанның өлеңдерін оқитын. Кейін мектеп пен жоғары оқуын Шығыс Түркістанда оқып, 1950 (мың тоғыз жүз елуінші) жылдары Түркияға көшіп келген қазақтардың бірі марқұм Хасан Оралтайдың 1965 (мың тоғыз жүз алпыс бесінші) жылы Түркияның Измир қаласында жарияланған «Ұлы түрікшіл ақын Мағжан Жұмабаев ақынның өлеңдері» деген кітапшасындағы өлеңдерін сүйіп оқыдым. 1972 (мың тоғыз жүз жетпіс екінші) жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетіне магистратура мен докторантурада оқу үшін барғанымда, ондагы кітапханада Мағжан Жұмабаевтың 1923 (мың тоғыз жүз жиырма үшінші) жылы Ташкентте басылған «Мағжан Жұмабаев өлеңдері» деген төте жазулы өлеңдер жинағын тауып алып оқыдым.

1977 жылы  жазған «1960-1970 жылдар аралығындағы Қазақ кеңестік поэзиясындағы ұлттық болмыс» тақырыбындағы магистрлік диссертациямда Мағжанның 1920-1930 жылдардағы лирикалық өлеңдерінің маңыздылығын қарастырып, оған ақынның «Түркістан» атты өлеңін қазақ және ағылшын тілінде енгіздім. Қараңыздар, мен 1950 мен 1980-жылдар аралығында Мағжанның өлеңдерін қанып оқып, зерттеу жүргізіп жүргенімде, Мағжан Жұмабаевтың аты мен оның шығармалары өз елінде, яғни Қазақстанда цензурамен тыйым салынған болатын. Оның атын атаудын өзі қылмыс болатын. Бәлкім, халық арасында кейбір зиялылар Мағжанның өлеңдерін құпия түрде іштей оқыған шығар, бірақ оны басқалармен бөлісе алмайтын еді.

Бүгін мен қазақтьң ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірбаяны және оның 1938 жылы репрессия құрбаны болғандығы туралы сөз қозғамаймын. Өйткені, басылым оқырмандары ол туралы менен жақсы біледі деп ойлаймын. 1960 жылдардан кейін Мағжан Жұмабаев ақталып, шығармалары Қазақстанда 1980 жылдардың соңында жариялана бастады. Бүгінгі таңда қазақтар, өзбектер және басқа да түркітілдес халықтар Мағжанның өлеңдерін сүйсініп оқуда. Тіпті, қазақ балабақшаларындағы кішкентай бүлдіршіндер де оның өлеңдерін жатқа айтуда.

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бізге бүгін не беруде, білесіздер ме? Мағжанның асқан шеберлікпен жазған өлеңдері жүрек түбіндегі сезімдерімізді оятады, құпия махаббатымыздың пернелерін тербейді, жанымызды баурайды, терең ойға шомылдырады. Әлем поэзиясында «от» ұғымын Мағжан сияқты күшті әрі әдемі бейнелеген ешбір ақын жоқ. Мағжан поэзиясындағы бұлт, күн, от, жалын сөздері бізге түрлі метофоралармен тіркесіп, мынадай мағыналармен «күшті болу», «еш нәрседен қорықпау», «тәуелсіз болу», «басқа күшке мойынсынбау» сезімдерімізді тербеп, жанымызды рухтандырады! Кеңес билігі біз үшін қасиетті атажұртымыз «Түркістан» атына да тыйым салып, жадымыздан өшіруге тырысқан 1924-1938 жылдары Мағжан Жұмабаев қорықпай «Түркістан» атауын ұлттық қорғаныс күші ретінде өз поэзиясына арқау етті. Әрине, кеңес билігі Мағжанның мұндай қайратынан сескеніп, жас ақынды 1938 жылы оққа ұшырды.

Осылай кеңес билігі ұлы ақынның демін үзсе де, Мағжан Жұмабаев бүгін арамызда, өшпес атымен, әдемі поэзиясымен өмір сүруде. Әлемдік деңгейдегі оқырман Мағжанның «От» атты өлеңін, «Түркістан» атты поэмасын, «Ақсақ Темірдің сөзі», «Бұлбұл» өлеңдерін, «Мен жастарға сенемін», «Гүлсім ханымға» атты және бұлардан басқа жүздеген өлеңдерін сүйсініп оқуда ақынның жинақтары жүрегімізді лүпілдетіп, жан дүниемізде өмірін жалғастыруда.

Тимур КОДЖАОГЛУ

 

Коджаоглу Т. Азаттық пен махаббаттың отты ақыны.// Magjan.-№3(31).-2018.-13-14б.

 

 

 

 


 


Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий